Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды. Өмірін өлеңмен өрнектеп, поэзия патшалығында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақынның өлең-жыры оқырман назарында. Осы орайда И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мұқағали мұзбалағы қазақтың» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша байқау өтті. Алдымен мектеп директоры Рита Мухашова ақын шығармашылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жыр додасына мектеп мұғалімі Ғабиден Қайдаулов, Халықаралық бокстың спорт шебері, ақын Данияр Уәлиев және «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Замира Қонысжан қазылық етті.

Қара сөздің қасиетін түсінген оқушылар өлең оқып, бойында сахна мәдениеті қалыптасқанын аңғартты. Сондай-ақ әсем ән мен тәтті күйге де кезек беріліп, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы желісімен көрініс қойылды. Бұл балалардың өнерге жақындығын көрсеткені сөзсіз. Байқау қорытындысы бойынша І орын Аяна Маралбекке бұйырды. Ал өлең мазмұны мен мәнін меңгерген Устин Трегубенко және Қарақат Әдбіқадыр ІІ орын иеленді. ІІІ орынды олжалаған Ерсұлтан Темірұлы, Аднан Байбатыров пен Іңкәр Бурибаева өнерден кенде емесін көрсетті. Байқауға белсене қатысқан оқушыларға арнайы сыйлық табысталып, Алғыс хатпен марапатталды.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!