фото: linguacontact.ru

Ежелден «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген бабалы сөз бар. Мағынасына мән берсеңіз қой баққан, яғни еңбек еткен азаматтың асығы алшысынан түсіп, замандастарынан оза шабатынын өсиет ретінде қалдырған. Расында, еңбектің наны тәтті. Алайда жастардың пікірінше, қазіргі уақытта бұл мақалдың мәні кетпесе де, жасөспірімдердің санасына әсер етпейді дейді. Себебі заман талабы өзгерген. Асық атқан азаматымыз шетел асса, ал халық доп қуғандардың қалтасын санап әлек… Бұдан бөлек, ғаламтордың қарыштаған уақытында еңбектеген сәбидің өзіне «жұлдыз» болуға мүмкіндік берілген. Бұған отбасын асырап, «Желі жұлдыздары» атанған оқушылар дәлел… Ал енді бірі күнін ұйқымен, түнін компьютерлік ойындарда өткізетін жастарды сынға алса, ал жастардың пікірі керісінше. Заман талабына сай жаңа технологиялар мен цифрлық әлемді меңгеріп, осы салада табыс табуды мақсат етеміз дейді.

Жұмыс бар, жұмысшы жоқ…

Сараласаңыз, әкімшіліктің табалдырығын ата-аналар тоздырған. Балаларына тұрақты жұмыс іздеген шешенің жан-айқайы мен баланың мақсаты мүлдем жанаспайды. Мәселен, Қызылорда өңірінің өзінде тоқсан сайын «Мүмкіндіктер керуені» атты ауқымды шара ұйымдастырылады. «Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтетін бұл шараға 1000-ға жуық жас қамтылады. Бірі кәсіптік бағытта кеңес алуға келсе, келесі бірі жұмыс іздеп келеді» дейді «NEET» санатындағы жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Динара Жылқышиева.

– Жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіпкерлікке қадам басуына және өз әлеуетін дамытуға ықпал жасау, сондай-ақ жастар саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы кеңінен кеңес беру мақсатында «Мансап» орталығымен бірлесіп, жұмыссыз жастарға, оқу орындарын бітіруші түлектерге арналған «Адал еңбек – адал табыс!», «Жұмысшы мамандықтарға Жаңа мүмкіндік!» тақырыптарында 4 мәрте «Мүмкіндіктер керуені» іс-шарасы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беруге арналған «Ашық есік күні» іс-шаралары ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға Қызылорда қаласы бойынша 3000-ға жуық жас қамтылып, 70-ке жуық жұмыс беруші мекемелерден 604 бос жұмыс орындары және өзге өңірдегі 67 мекемеден 800-ге жуық вакансия ұсынылды. Нәтижесінде 74 жасқа тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берілді, – дейді.

Осы негізде редакциялық құрам «Жұмыс керек» атты қала жастарының арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде 80% жастар мемлекеттік мекемелерден бас тартқан. Тұрақты жұмыс істеп, басшының қарамағында қатаң тәртіпке бағынғысы келмейді. Ал жанына жақын жұмысты іздеп, уақыт жоғалтқан азаматтар табыс көзінің жаңаша бір бағытын зерттеп жүрміз дейді.

Арманы бөлек, талғамы басқа…

Жасы 20-дан асып, жұмыссыз ретінде танылған жас бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқысы келмейді. Себебі оның арманы бөлек, талғамы басқа. Заман талабын сараптаған 16 жастағы жастар желінің толық мүмкіндігін пайдаланғысы келеді. Қазірдің өзінде ЖИ-мен жұмыс істеп, табыс көзіне айналғандырғандар бар. Соның бірі – Рашид Мырзахмет. Ол мектеп жасынан саланың 70 пайызын меңгеріп, қазірдің өзінде аутсорсинг компаниялармен келісім-шарт негізінде жұмыс істейді.

– Менің қызығушылық танытқаныма көп уақыт болмады.16 жасқа толған уақытта ата-анам сыйлаған ноутбуктың нәтижесінде осы салаға қызығушылық артты. Қазір айналысып жүргеніме 1 жылға жуықтады. 3 компаниямен жұмыс жасаймын. Бастапқыда суреттерді өңдеп, сыныптастарыма сатқан болатынмын. Бүгінде мен жұмыс істейтін ЖИ үлкен табыстың көзіне айналды. Алайда әкем дәрігер болғанымды қалайды. Бірақ менің мақсатым бөлек. Мүмкін алдағы уақытта медицина саласында ЖИ-дың мүмкіндерін пайдаланатын күшке ие болармын, – дейді болашақ ғалым.

Ойнап жүріп, табыс табатындардың тізімі артқан…

Ойлаңызшы, өзіңіз ойын ойнайсыз және бұл уақытыңызға ақша төлейді. Бірақ ойланып ойнауың қажет. Бұл саланы бір сөзбен айтқанда – киберспорт деп атайды. Сіз уақытыңызды арнап ойын клубтарына барып, одан қалды, ойнағаныңыз үшін ақша төлеп жүрсеңіз, ал геймерлер бұл саладан табыс көзін іздейді. Өзін спортшы ретінде санайтын ойыншылар виртуалды әлемге ене кетіп, стратегиялық тактикаларды пайдалана отырып, қарсыласының осал тұсын аңдиды.

Бүгінде бұл саланың арнайы федерациясы бар. Басшылық құрамы, әр өңірден іріктелген ойыншылары және ұйымдастырушы мамандары да қамтылған. Киберспортқа мемлеке тарапынан нақты қаржы көзі қарастырылмаған. Қазіргі министрлік құрамына кіруді көздейтін федерация түрлі амалдарды қолдануда. Бұл туралы Киберспорт федерациясының жобалық менеджері Бибарыс Серіков хабарлады.

Киберспорт – қазіргі жастарға таңсық емес. Себебі әр өңірде тұрақты түрде арнайы жарыстар өтеді. Басты мақсатымыз – спорт министрлігінің құрамына кіріп, ресми чемпионаттарды ұйымдастырып, спортшыларымызға арнайы атақ беру. Бүгінде федерацияның құрамында әр өңірден жасақталған 60-тан аса спортшы бар. Ең жасы 13-те болса, үлкені 40-қа таяды. Бұл спортышылар ішкі турнирлерде топ жарып, өздерін дәлелдеген ойыншылар. Алайда бұл азаматтарға арнайы жалақы қарастырылмаған. Киберспортшылар турнир барысында ұтысқа тігілген жүлдеге таласады. Федерация «Xuaweі» сынды ірі компаниялармен жұмыс істеп, демеушілер тартса, букмекерлер тарапынан федерацияға ұсыныс жиі түседі, – дейді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан құрамасы «Dota», «CSGo», «Pubg Mobile» сынды ойындарда әлем үздіктерінің қатарынан көрінеді. Мәселен, «Авангард» командасы туралы естіген боларсыз. Халықаралық турнирлерде топ жарып, Қазақстан құрамасының абыройын асқақтатқан мықты команданың бірі. Қазіргі таңда команда тарап, спортшылар әлемнің фоварит клубтарына келісім-шарт негізінде ауысқан. Есесіне, ел мерейін «Новак» командасы әлемдік ареналарда үстемдетіп келеді.

Байқағаныңыздай, біздің елде ойын индустриясына қатысты ресми қолдау аз. Ал басқа мемлекеттерде бұл сала жоғары деңгейде дамып келеді. Мысалы, Корея, АҚШ, Қытай және көптеген еуропалық елдердің ойын индустриясы зер салып көрейік.

Оңтүстік Корея – бұл ел «еSports»-пен ойын индустриясының алдыңғы қатарында тұр. Кореяда ойындар кәсіби спорт ретінде қабылданады. Тіпті көптеген жоғары оқу орны мен мемлекеттік мекемелер осы саланы дамытуға арналған бағдарламалар құрады. Бұл елде үлкен халықаралық турнирлер өткізіліп, ойыншылар мен стримерлер үлкен қолдауға ие.

АҚШ – мұнда ойын индустриясы кинематограф пен музыка өнерімен бірге үлкен экономикалық күшке айналды. Америкада көптеп жұмыс істейтін ойын студиялары, миллиондаған жанкүйері бар кәсіби ойыншылар және үлкен ауқымды турнирлер бар. Сондай-ақ АҚШ-тың кейбір университеттерінде ойындар бойынша арнайы мамандықтар қарастырылған.

Қытай – Қытайдың киберспорты тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен көлемге ие. Қытай үкіметі ойындарға қатысты түрлі шараларды қолдап, жанкүйерлер мен ойыншылардың санын арттыруға күш салуда. Сонымен қатар Қытайда «eSports»-қа арналған арнайы арналар мен ауқымды чемпионаттар ұйымдастырылады.

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын – Еуропаның халі қалай? Германия, Франция, Ұлыбритания сияқты елдерде де ойын индустриясы қар- қыны бәсеңсіген емес. Олар тек ойындардың өзін, сонымен қатар ойын стримингін, киберспортты және ойындар арқылы білім беру саласын дамытуды да қолдайды. Сондай-ақ бағыт бойынша да арнайы мамандармен жұмыс істеп, стратегиялық бағытын айқындауда.

Егер еліміз ойын индустриясын жоғарыда мысал келтірген мемлекеттер секілді дамытса, ол жастарды ынталандырып, экономикаға да оң әсерін тигізер еді. Қазіргі уақытта әлемде ойын индустриясы жыл сайын миллиардтаған доллар табыс әкеліп, көптеген елдің экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Ендеше біздің елде де осы саланы дамытуға үлкен мүмкіндік бар.

Осылайша өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, елімізде Қазақстанның ойын индустриясын дамыту қажеттілігін көрсетуге болады. Нәтижесінде мықты киберспортшылар жасақталып, әлемнің алпаут елдерінің алдында мемлекеттің мәртебесі көтерілетіне сенім мол.

Айдос МЫРЗАЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!