Танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің қазасынан бері биыл үш жыл өтті. Артында жарқын бейнесі қалған арда азаматты қазақстандықтар әлі де болса сағына еске алады. Жазушы Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабында Бейсен ағаның 170 жұптың үйленіп, үй болуына көмектескені жайлы айтылады. Ол жәй ғана таныстырып ғана қоймай, тойын өткізуге көмектесіп, тіпті құдалық-тойына дейін қатысып соңына дейін жүрген. Бейсен Құранбектің арқасында шаңырақ көтеріп, отбасын құрған жұптардың бірі Stan.kz тілшісіне жылы естелігімен бөлісті.
Сәкен Нұрқабекұлы мен Динара Әбітай – Бейсен ағаның қолдауының арқасында шаңырақ көтерген жұп. Шымкент қаласында өткен тойда таныстықтан басталып, ағасының қолқасымен сөйлесіп, сөз салып отбасын құрған жігіт әңгімесін Бейсен Құранбекпен таныстығынан бастады.
Ол «Айтуға оңай» бағдарламасына Бейсен ағаның шақыртуымен келгенін айтады. «Алаш айнасы» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде сарапшы ретінде шақырып жүріп, кейін жұмысқа орналасуды ұсынған.
Бас-аяғы үш жылдан аса Бейсен ағасының жанында жүрген жігіт онымен жақын сырласып, отбасымен етене араласып кеткенін еске алады. Сөзінше, Бейсен аға бөтен деп ешкімді бөлмей, бәрін бірдей бауырына басатын бауырмал болған. Жастарды жанына ертіп, ағалық ақылымен қоса көмегін беруден тартынбайтын мінезі айқын сезілетін еді, дейді ол.
«Айтуға оңайға» келген уақытта жасы 27-ден асқан Сәкен ол уақытта үйлену жайлы ойламағанын жасырмайды. Бірақ мұны сырттан бақылап жүрген ағасы сезіп қойғандай.
Бірде олар Шымкент қаласына әріптесінің ұзатылуы тойына барады. Той үстінде Бейсен ағасы бір ибалы қызды байқайды.
«Той үстінде Бейсен аға маған: «Ана қызды қарашы, ибалы екен», – деп қалыңдықтың қасында отырған қыз жолдасты көрсетті. Мен ұялып жымидым. Ол кезде біреумен танысайын деген ниетім жоқ еді. Кезегі келіп, әлгі қыз жолдас сөз сөйледі. Бейсен аға тыңдап тұрды да: «Иә, мынау нақ саған әйел болатын қыз», – деді. Мен күлдім де қойдым. Үзіліс кезінде Бейсен аға әлгі қызды іздеп барды да, әңгімеге тартты. Сосын мені шақырып, «Мынау менің інім, танысыңдар!» – деді».
Ол қыздың есімі Динара еді. Ағасының сөзін жерге тастағысы келмеген Сәкен қыздың телефон нөмірін жазып алғанымен, ары қарай таныстықты жалғастырғысы келмейді. Бірақ жол бойы Бейсен ағасы үгіттеуін тоқтатпайды. Ақыры ол қызбен кездесуге бекінеді.
«Бір жерге шақырып шай ішемін де, «Аға, кездестім, мінезіміз жараспады» деп сылтау айтамын. Сонда Бейсен аға маған ренжімейді» – деп ойладым. Бір-екі күннен телефон шалып, ол қызды кездесуге шақырдым. Дәмханада отырып шай іштік. Сөйлесіп көріп едік, қыздың мінезі ұнап қалды. Қарапайым, жұмсақ мінезді қыз екен. Жалпы сөйлесіп көруге болады екен деп ойладым. Бірақ сөз салуға бекінген жоқпын», – дейді Сәкен.
Келесі аптада Бейсен ағасы қоңырау соғып, «Жастарға тренинг өткіземін, соған келіп қатысып кет. Әрі үйге қонақ боласың. Танысқан қызды да ала кел» – деп Талдықорғандағы үйіне шақырады. Сәкен мұны қазір сол кезде Бейсен ағасының құрған жоспары ма екен деп ойлайды.
«Бардық. Күндіз табиғатқа шығып, тренинг өткізді. Кешке бір топ жасты үйіне қонақ етіп күтті. Отырыстың соңына қарай, Бейсен аға әңгімені маған бұрып: «Не істейміз, алып қаламыз ба?» – деп әзілдеді. Не айтарымды білмей, «үй өзіңіздікі» дей салдым. Жұрттың бәрі демін ішке тартып, «Әрі қарай не болар екен?» деп күтіп отыр. Жеңгей де айтқызбай біледі екен, орнынан тұрды да, бір қызыл орамалды әкеле қойды. Бейсен аға орнынан тұрып: «Атам қазақта қонаққа шақырып алып, орамал жауып алып қалатын әдет жоқ. Бұл жай ғана біздің көңіл білдіргеніміз болсын», – деп орамалды қыздың иығыны жапты», – дейді Сәкен сөзін жалғап.
Осыдан кейін мұның соңы тойға ұласқан. Сәкен қызға сөз салып, той күнін белгілейді. Бірақ Бейсен ағасының ағалық қолдауы мұнымен бітпейді, біраз күннен кейін ол тағы да қоңырау шалып, үйіне келетінін ескертеді.
«Анаңмен танысайын. Тойға дайындығыңды тексеремін», – деді. Не айтарымды білмедім. Сол күні шаруалары көп еді, сонда да уақыт тауып, қонуға бір-ақ келді. Түні бойы тойдың жайын ақылдастық. Мынау менің қосқаным болсын деп жүз мыңның үстінде ақша ұстатты. Бір кезде:
-Кәстөмің дайын ба? – деп сұрады.
– Дайын, – дедім.
– Дайын болса киіп кел! – деді. Әрине, әкең не бауырың болса бір жөн. Туыс емес адамның тойға киетін киімімді текергеніне ыңғайсыздандым. Сонда да киіп келдім», – деп еске алады Сәкен.
Бейсен ағасы інісінің таңдаған киімін жаратпай, ертесіне жаңа киім алдырады. Оның шығынын да өзі көтереді.
«Ертесіне дүкеннен қымбат екі костюм алуға тура келді. Екеуін де Бейсен аға төледі. Мұнымен тоқтамай: «Ертемін десеңіздер, құдалыққа бірге барғым келеді», – деді. Анам қуанып кетті. Бейсен ағаның тойға құмартып тұрғаны шамалы. Онсыз да тойға күнде шақырылады. Оның үстіне уақыты да жоқ. Бірақ өзгенің абыройын арттырғанды жақсы көретін әдеті ғой. Құдалыққа барды, ұзату той, сосын бізді тараптан жасалған құдалыққа, тойға қатысты», – дейді Сәкен ағасын жылы еске алып.
Ол Бейсен ағасының жастарды таныстырып-қосқанда оның тек таныстырумен ғана шектелмейтінін, ары қарайғы жолдарына дейін көрсетіп, «отбасыңды қалай асырайсың, не істейсің» деп жұмысына дейін тауып беретін сәттері жиі болғанын айтады.
Сәкен Бейсен ағасының қасында жүрген сәттері мен нұрлы өмір жолы өзіне қатты әсер еткенін айтады. Өзімен қоса жанында жүрген шәкірттеріне дейін бір бөлшегін алған. Әркім өзінше Бейсен болғысы келеді, дейді ол.
«Адам бір адамды қатты сыйлаған кезде, қатты жақсы көрген кезде байқамай оның мінезін көшіріп алады ғой. Кейде бір маңызды шешім қабылдар кезде немесе үлкен қадам жасайтын кезде «Менің орнымда Бейсен аға болғанда бүйтер еді» – дегендей әсері болады. Ол кісінің жақсы қасиеттерінің барлығы жанындағы шәкірттеріне берілген. Бірі оның уәдеге беріктігін алса, енді бірі адамға деген сыйластық қабілетін бойына дарытқан. Мысалы, оның әсіресе қыз балаларға деген сыйластығы мүлдем басқаша болатын. Осы қасиеті бір шәкіртінің бойында», – дейді ол.
Сәкен мен Мадина қазір екі қызды тәрибелеп отырған отбасы. Ол кейде қыздарына қонаққа барамыз дегенде «Бейсен ағаның үйіне барамыз ба» – деп сұрайтын кездері болатынын айтады. Қыздары ағасын кішкентай кездерінде көргенін атап өткен ол мұндай тылсым сәттерге таңданысын жасырмайды.
«Менің шешем әсересе ол кісіні қатты жақсы көретін. «Бейсенді бауырымдай көретінмін» – деп айтып отырады. Біздің әулетте әр жұмада құран оқып, жеті шелпек пісіретін кезде міндетті түрде Бейсен ағаның аты аталады», – дейді Сәкен.
Бейсен аға хәл үстінде жатқан кезде Сәкен кішкентай қыздарын ертіп, ағасының көңілін сұрауға барады. Сол кезде ағасының көңілі босап кеткен сәт болады.
«Қайтатынынан бір-екі апта бұрын барған едім. Қасымда Бегалы деген жігіт бар. Оның да қосылып, үйлі болуына Бейсен аға себепкер болған. Екеуіміз отбасымызбен бардық, кішкентай балаларымыз бар. Барған кезде кішкентай қыздарды көріп ағаның көңілі босап кетті. «Ертең мен ана жаққа барам ғой, сол кезде өмірде мынадай қайырымды іс істедім деймін, оны бірақ бір Құдай біледі, өзінің есепшісі де бар. Бірақ бір нәрсені анық білем, мына тұрған қыздар – менің қыздарым ғой, осылардың маған шарапаты тиеді» – деп көңілі босап кетті», – деп еске алады Сәкен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!