ІІМ шетелдік көліктерді заңдастырудың аяқталуына екі айдан аз уақыт қалғанын айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство өкілдері, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан 30 маусымына дейін елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдағанын атап өтті. Елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көлік құралдары заңдастыруға жатпайды.
Барлығы 237 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылған.
“Бір реттік заңдастыруды ескере отырып, автокөлік иелеріне 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаралатынын хабарлаймыз. Бүгінгі күні нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Яғни, шетелдік автокөліктерді заңдастыруға екі айдан аз уақыт қалды. Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, біз автокөлік иелерін заңдастыру процесін аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге шақырамыз”, – деді ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру 2023 жылдың қаңтарында басталған. Өтінімдерді қабылдау 1 шілдеде аяқталды. Ішкі істер министрлігі барлық өтініштерді акция аяқталғаннан кейін де қарайтынына уәде берді. Бұл ретте олар акцияның бір реттік шара екенін және заңдастыру мерзімін ұзарту жоспарда жоқтығын баса айтқан еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!