Фото: canva.com

Жаңа пәтерлердің бағасы Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда қалаларында айтарлықтай қымбаттаған. Қолданыстағы пәтер нарығында Атырау мен Астана баға өсімінің көшбасшысы атанды.

Қыркүйекте бір бөлмелі пәтерлер көп сатылған. Пәтерлер бойынша барлығы 30 507 мәміле жасалса, соның 11 506-сі бір бөлмелі пәтерлерге тиесілі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Бізде нарық динамикасын сипаттайтын үш негізгі көрсеткіш бар. Біріншісі – сұраныс. Қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда айына орташа алғанда 30 мыңнан 40 мыңға дейін мәміле жасалған. Осы жылдың 9 айында сұраныс 15 пайызға өскен. Бұл ипотекалық өнімдердің болуына, бірегей жеңілдікті бағдарламалардың жоқтығына қарамастан сұраныс қалпына келіп жатыр деген сөз. Екінші фактор – тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші. Биыл жоспар 18 млн шаршы метрді құрап отыр. Біз бұл қолжетімді жоспар екенін көріп отырмыз. Келесі бір маңызды көрсеткіш – баға. Биыл баға алдыңғы кезеңдерге қарағанда қарқынды өскен жоқ. Орташа өсім ай сайын 0,5-1 пайыз болды. Жылдың соңына қарай шаршы метр бағасының өсімі 10-12 пайыз аралығында тіркелуі мүмкін. Баға өсіп жатқанын көріп жатырмыз, оған сұраныстың, өзіндік құнның өсуі әсер етуде», – деді Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин.

Лев Тетин 2025 жылы тұрғын үй нарығында баға қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты. Айтуынша, нарықта күрделі өзгерістер күтілмейді.

«Келесі жылы инженерлік желілердің жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Бүгінде ЖЭО айтарлықтай белсенді жөнделіп жатқан жоқ, олар тозып жатыр. Бұдан басқа электр қуатының, ағынды суларды тазарту қондырғыларының жетіспеушілігін көріп отырмыз. Жаңа учаскелерді инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз ету факторы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің азаюына әсер етуі мүмкін», – деп атап өтті ол.

Сала сарапшысының пікірінше, келер жылы баға баяу, бірақ тұрақты түрде өсуін жалғастырады. Оған сұраныс, инфляция және пәтердің өзіндік құнының өсуі ықпал ететін болады.

Баспана нарығында қандай трендтер байқалады?

«Қазақстан нарығына тән негізгі трендтің бірі – екі бөлмелі пәтерлерді сатып алу. Одан кейінгі орында бір бөлмелі, үш бөлмелі пәтерлер тұр. Бұл соңғы үш жылда байқалып отыр», – деді Лев Тетин.

Сарапшы қала сыртындағы жылжымайтын мүлік сегменті де белсенді өсе бастағанын айтты. Ол бұл үрдіс пандемиядан кейін пайда болғанын жеткізді.

«Алматыда қала сыртынан үй сатып алу көрсеткішінің өсуіне осы жылдың басында болған жер сілкінісі жаңа серпін берді. Астанада бұл сегмент тұрақты өсім жалғастырып келеді. Келешекте қала сыртынан жылжымайтын мүлікті сатып алу көлемі бүгінге қарағанда жоғары болады», – деді спикер.

Осыған дейін krisha.kz сарапшылары қазақстандықтар тұрғын үй сатып аларда неге мән беретінін зерттеп көрді.

Сарапшылар адамдар баспананың орналасқан жеріне, бағасына, оны ипотекаға сатып алу мүмкіндігіне басымдық беретінін анықтаған.

Бұдан басқа пәтердегі бөлме саны, жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, төбенің биіктігі, баспана орналасқан қабат секілді көрсеткіштер де маңызды рөл атқарады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!