Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ОКҚ алаңында БАҚ өкілі «Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленді, алайда депутаттар бұл жалақының жетпейтінін айтып, тағы да өсіру қажет деп отыр. Нақтырақ айтсақ, үш есе көбейтуді ұсынды. Бұған еліміздің әлеуеті жете ме, мүмкін бе?» деп сұрақ қойды.

«Біріншіден, ең төменгі жалақының мөлшері 2018 жылдан бастап өсті. Яғни 45 мың теңгеден басталып, 85 мыңға жетіп отыр. Мұны еңбекақысын алғандағы ең төменгі стандарт атаймыз. Жұмыс беруші бұл төлемнен төмен төлемеуі керек. Мысалы 21 күн жұмыс істеп 80 мың теңге төлесе, жұмысшы сотқа арызданып, құқығын қорғай алады», – деді ведомство басшысы.

Министр мұндай шешімге баруға болатынын айтады. Алайда  елдегі орта және шағын бизнестің әлеуеті  бұл мөлшерге дайын еместігін жеткізді.  

«Қазақстанда ең төменгі жалақыны 300 мың теңге етіп белгілесек, әрине керемет болар еді. Дегенмен, орта және шағын бизнес көтере алмайды. Олар жалақы төлеуі керек, зейнетақы қоры бар дегендей… Сондықтан бұл – қауіпті. Иә, популистік тұрғыда бұл шешімге бара аламыз. Бәріне жар салып осынша көтердік деп айтуға болады, алайда шын мәнінде, ешкім дұрыс жұмыс істей алмай қалады», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!