2022 жылы Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына орай облыста арнайы тың жоба қолға алынған еді. Бұл бастама – үйлі болғысы келетін жастарға жаңа үміт отын сыйлады. Өткен аптада қаланың сол жағалауында 60 пәтерлік тұрғын үй халық игілігіне табысталды. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және қала әкімі Серік Қожаниязов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, ардагерлер, «Дәнекер» ЖШС басшысы Әбдімәжит Жансақалов, жауапты сала басшылары және тұрғындар қатысты.

– Жастарымызды сапалы білім, жұмыс және баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Жас отбасылар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Осыны ескеріп, 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет несиелендіру жолымен «Сыр жастары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданған болатын. «Отбасы банк» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді.

«Сыр жастары» – аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 500 млн теңге қаржы бөлді. Бүгінгі қоныстой – осы бірлескен жұмыстың жемісі. Мемлекетіміздің тұрғындарға жасаған қамқорлығы мен ұсынған мүмкіндіктерінің арқасында әр азамат өз шаңырағының иесі атануда. Өткен жылы аймақта 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғын қоныстой тойлады, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша халықтың жайлы тұрмысына оң әсер ететін бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 350-дей пәтер аудандарға тиесілі. Жыл басынан бері 402 отбасы баспана бақытына кенелді. Тағы бір қуанышты жаңалық, дүйсенбі күні облыс әкімі Тасбөгет кентінде бой көтерген көпқабатты үйдің кілтін 150 отбасыға табыстады.

Еске сала кетейік, ипотекалық несие беру бағдарламасы 18-35 жасқа дейін азаматтарға арналған еді. Несиелеу мерзімі – 19 жыл, жарна 5%-ды құрайды. Бағдарлама арқылы медицина, білім, мәдениет, қаржы, спорт, ЖОО және ҒЗИ, журналистика, әлеуметтік сала мамандары, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың жергілікті филиалдары, екінші деңгейлі банктер, құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының мамандары да өтінім білдіруге құқылы болды. Баспаналы болғандар қатарында ұстаздар, медицина, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, журналистер бар. Өңірдегі құрылыс жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!