Заң үстемдігін қамтамасыз етудің алғашқы қадамы ретінде азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету мақсатында бес сатылы сот жүйесінен  (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот жүйесіне көшу іске асырылды.

         Республика бойынша апелляциялық саты сотында шешіммен аяқталған азаматтық істер соттың алқалы құрамымен қаралады.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК-нің) 36-бабына сай істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады.

         Осыған орай, істі соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде туындайтын барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.

      Сонымен қатар, төрағалық етуші ұсыныстар енгізеді, өз пікірін айтады және соңғы болып дауыс береді.

       Көпшіліктің шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол мөр басылып жабылған конвертте іске қоса тіркеледі. Кассациялық сатыдағы сот осы істі қарау кезінде ерекше пікірмен танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысатын адамдарға хабарланбайды, ерекше пікір сот отырысы залында жария етілмейді.

Күшіндегі азаматтық процестік заңнамада ерекше пікірге қатысты қысқа ғана осы қағидаттар көрсетілген.

Жалпы азаматтық процестік заңнаманың тәртібімен ерекше пікір білдіру саны көп деп те айтуға келмейді.

Өздеріңіз байқағандай, азаматтық сот ісін жүргізу барысында судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысатын адамдарға хабарланбайды, ерекше пікір сот отырысы залында жария етілмейді.Тек кассациялық сатыдағы сот  істі қарау кезінде ерекше пікірмен таныса алады.  Тіпті іс қассациялық алқаға жетпесе ерекше пікір білдірген судьяның жазбасы оқылмауы да  мүмкін. Бірақ кейбір жағдайларда өз пікіріңді, өз ұстанымыңды айтқың келеді…

          Мен де осы АПК-нің 36-бабымен көзделген құқығымды пайдаланып, бір азаматтық істі алқада қарау барысында ерекше пікір білдіргенмін.

Айтқым келгені, маған бұл ерекше пікірді жазу екі есе қиынға соқты, себебі іс бойынша мен төрағалық еттім және істің баяндамашысы да өзім болдым. Екі жағымда отырған екі судьяның пікірлері бірдей болғандықтан, көпшілік дауыспен олардың пікірі басым болып, маған ерекше пікір білдіруге тура келді.

Алайда, апелляциялық саты сотының қаулысын дайындау барысында өзіме-өзім қайшы келгендей сезімде болып жаздым. Себебі өзім жазған қаулыға өзім ерекше пікір білдірдім.

Алдымен ерекше пікірді жазып, конвертке салып қойдым. Сосын қаулыға кірістім. Жазып біткен соң алқа мүшелерінен, қосымша  қосатындары бар-жоғын сұрадым. Олар да осыны күтіп отырғандай, кеңесу барысында айтылған пікірлерінқаулыға қосып жазуымды өтінді.

Көріп отырғаныңыздай, осы істі қарау барысында алқа мүшелері түгелімен белсенділік танытып, істің мән-жайлары заңдылық және адамилық жағынан егжей-тегжейлі таразыланды деп айта аламын.

Азаматтық процестік заңнама бойынша ерекше пікір алқа отырысында жарияланбайды. Сіздің жазбаша түрдегі «ойыңыз» оқылмай да қалып қоюы мүмкін. Бірақ судья ретінде өз пікіріңізді білдіру алқалы топ мүшелерімен келіспеу ғана емес, басқаша ойлайтыныңызды білдіреді. Қабылданған шешіммен толық келіспеуге болады немесе бір бөлігімен ғана келіспейтіні туралы жазуға болады. Кімнің тұжырымы дұрыстығын, айтылғандардың бағасын кассациялық саты соты береді.

Ең негізгісі, кеңесу бөлмесінде айтылған жәйттер жасырын қалуға тиіс, қай судья не деп айтты, қайсысының ұстанымы қандай, бұл ақпараттар ешкім білуі тиіс емес конфиденциалды ақпаратқа жатады.

АПК бойынша ерекше пікір жазудың міндетті реквизиттері қарастырылмаған. Сондықтан құжаттың атауы, кім жазғаны, негізгі келіспеушілігі, неліктен осындай шешімге келуі туралы еркін түрде жазу жеткілікті. Басқа судьялардың пікірін көрсету қажетсіз, себебі бұл кеңесу кезіндегі құпиялықты бұзуға әкеп соғады. 

Таразы табағының тең тұруы үшін таразы – түзу, таразышы адал болуы шарт. Түптің түбінде әр істің шешімі біреу ғана болады. Оратылған жіптің күрмеуін шешкендей, істің заңды, әділ шешілуіне ерекше пікірдің де үлесі бар деп ойлаймын.

Қызылорда облыстық сотының судьясы Маликова Шолпан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!