Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімдігі отандық өнім шығаратын цех іске қосылды деп сүйіншілеткен жаңалықтың соңынан шу шықты. Жергілікті биліктегілер тоқ шәйнек шығаратын цехты жұртшылыққа таныстырған. Алайда тура соған ұқсас тауар бұған дейін интернет дүкенінде сатылып келгені белгілі болды, деп хабарлайды Экспресс К.
Түркістан облысының әкімдігі күні кеше Сарыағаш ауданында тоқ шәйнек шығаратын цех жұмысын бастағаны туралы ақпарат таратып, тіпті өндіріс орнындағы тауарлардың суреттерін жариялады. Отандық өнім деп таныстырылған күлгін түсті шәйнектерге ұқсас тауарлар бұған дейін қытайлық ірі интернет дүкенінде сатылып келген екен. Бұл туралы Болат Бегімов есімді Facebook қолданушысы жазды.
Бүгін Түркістан облысында электр шәйнектер шығаратын өндіріс туралы ақпарат оқыдым. Әрине, бұл жақсы. Бірақ ол тауарлар интернет дүкендегі шәйнектерге өте ұқсас екен,
— деп жазды желі қолданушысы.
Бұл жазба көптеген желі қолданушысының таңданысы мен ашуын тудырды.
«Ұят-ай», «Қазақстанда жасалған» деген таңбаны жабыстырып, отандық өнім дейтін болды», «Бұл еліміздегі автомобиль өндірісіне ұқсас әдіс екен. Қытайдан барлық қажет бөлшектерін сатып алып, ал бізде жай ғана құрастырады», «Қытай сарыағаштық тауарларды сатып алып, интернет дүкенге салған ғой», «Жұртты сонша ақымақ көре ме?», «Ел экономикасына өте ұят» деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, Сарыағаштағы цехтың ашылу шарасына аудан әкімінің өзі барып, кәсіпкерге мемлекеттен қолдау көрсетілетінін атап өткен болатын.
Сұранысқа ие өнімнің ең бастысы отандық екені көңіл қуантады. Халыққа қолжетімді бағада, сапалы болса — жетістік осы. Алдағы уақытта өз ісін бастаған кәсіпкерге аудан әкімдігі тарапынан мемлекеттік қолдау көрсетіледі,
— деді аудан басшысы Мұхит Отаршиев.
Цех жұмысын бастаған кәсіпкер Қожабек Егембердиев электр шәйнектер өзі ашқан өндіріс орнында шығарылады деп отыр. Тіпті ол үшін арнайы құрылғылар сатып алып, ал шикізатты шетелдерден алдыратынын айтты. Мемлекеттен ешқандай қолдау алмаған.
Бізде бірнеше дизайндағы шәйнек шығарылады. Ал оның пішіні келтірілген қалыпты Қытайдан алдырттық. Интернет дүкендегі тауарды өз басым көргем жоқ. Цех жұмысына күмән келтіретіндер болса, келсін. Жұмыс барысымен таныссын,
— деді ол.
Бизнесмен өз сөзінде шығарып жатқан тауарын жұртшылық танысын дейтіндей жарнамаға мұқтаж емеспін деп отыр. Өнім нарыққа әлі шығарылмаса да, қазірдің өзінде сатып алуға ниет білдіргендер жетерлік көрінеді. Алайда кәсіп иесі бір дана электр шәйнегінің құнын әзірге нақты айта алмады. Өйткені кеткен шығын мен жұмысшылардың ақысы есептеліп жатыр екен.
Ол кәсібін кеңейту үшін мемлекет тарапынан пайызсыз қайтарымды несие берілсе деген үміті барын айтты. Оның тек бұл емес, тағы бірнеше жобасы бар көрінеді.
Ал Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі «отандық өнім» деп жарнамалаған цехқа қатысты түсінік бере алмады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!