Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік сатып алу рәсімін заңсыз өткізген әкімдік қызметкері жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментіне «Бизнеске жол» жобасы аясында Алтай ауданының кәсіпкері жүгінген. Өз сөзінде ол Октябрь ауылдық округі әкімдігінің автокөлік құралдарын жөндеу бойынша шарт жасасудан негізсіз бас тартқаны және осы елді мекенде тұратын басқа кәсіпкердің мүдделеріне заңсыз қолдау көрсеткендігін жеткізді.

Анықталғандай, кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу байқауындағы өтінімі «бағаның сәйкес келмеуі» себебінен қабылданбаған. Осылайша, әкімдік ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары» бұйрығының 450-тармағының 2-бөлігінің талаптарын бұзған.

«Осы мәселеге байланысты ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мүдделі тараптармен кездесу өткізді. Нәтижесінде, әкімдік бірінші байқаудың қорытындысын жойып, байқауды қайта өткізетін болды. Кінәлі маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!