Жәрдемақының қоғамдағы рөлі жайлы сөз қозғалғанда, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының тиімді жұмсалу мәселесі алға шығады немесе сол көмектің шынымен мұқтаж жандарға жетуі қажет екені ойландырады.
Кейінгі уақытта Үкімет тарапынан кейбір күмәнді әрі тиімсіз төлемдерге тоқтау қою қажет екені туралы әңгіменің төбесі көрініп жүр. Өйткені әлеуметтік қолдаудың мақсаты – масылдықты қалыптастыру емес, әлсіз топтарға нақты демеу болу. Дегенмен «қысқартылатын жәрдемақылардың ішінде расында да халыққа ауадай қажет түрлері болмай ма?» деген сұрақ та көпшіліктің көкейінде көптен бері бар.
Қазіргі қоғамда «жәрдемақы – тек ақша» деген жеңіл түсінік болып қалыптасып бара жатқандай. Алайда шын мәнінде, ол – әлсізге сүйеу, қауқарсызға демеу, бейқам жұрттың көңіліне сенім ұялататын саяси- әлеуметтік институт. Халық арасында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Мемлекет пен қоғам арасындағы бұл «жүк» – тұрмыстың ауыртпалығы. Сол ауыртпалықтың бір бөлігін мемлекет мойнына алып, халыққа көмек қолын созып келеді.
Әлеуметтік жәрдемақылардың ең басты мақсаты – қоғамның әлсіз топтарын қорғау. Бұл – балалар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жандар. Өмірдің әр кезеңінде әрбір азамат түрлі қиындыққа тап болады. Бірі дүниеге келген шақта ата-анасына қуанышпен бірге жауапкершілік артса, бірі еңбек жолын аяқтаған соң қариялық шаққа жетеді. Сол сәттердің бәрінде мемлекет жәрдемақы арқылы қол ұшын беретіні рас.
2025 жылдағы өзгерістер
Бұл жыл әлеуметтік саясат тұрғысынан ерекше маңызға ие. 2025 жылдан бастап халықтың күнкөріс деңгейін жақсартуға бағытталған бірқатар өзгеріс күшіне енді. Ең алдымен айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгені құрап, бұған байланысты көптеген әлеуметтік төлемнің мөлшері қайта есептелді. Сонымен қатар ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлемінде сақталса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңгеге дейін өсті.
Қазақстанда 2 миллион 503 мың зейнеткер бар. Олар үшін де осы жыл жағымды жаңалыққа толы болды.
– Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 142 894 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 326 теңге, базалық зейнетақы – 47 568 теңге, – дейді уәкілетті орган.
Бұл – ресми дерек. Ал қарапайым халық үшін бұл сандар – күнделікті тұрмыстың есеп-қисабынан артылмайтыны анық. Әсіресе зей- неткерлер үшін ең төменгі мөлшердің өсуі – қариялардың «бір күнін бір күнге жалғап» отырған тіршілігін жеңілдетеді.
Қариялар зейнетақы қорында жиналған сомманы қолдана отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасын салымды толықтыруға, жинақ жүйесі арқылы алынған ипотекалық қарыздың бір бөлігін жабуға, жалпы ипотекалық қарызды ішінара өтеуге немесе азаматтық-құқықтық мәміле бойынша тұрғын үйді толық сатып алуға пайдалана алады. Сондай-ақ жиналған қаражатты стоматологиялық, офтальмологиялық және өзге де медициналық қызметтерге пайдалануға болатын еді. Алайда заңсыз әрекеттерге байланысты кейбір медициналық бағыттар бойынша мұндай мүмкіндік тоқтатылды. Өкінішке қарай, бұл адал еңбекпен жиналған қаржыдан арам пайда көріп қалғысы келгендердің кесірі.
АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР
Жәрдемақы жүйесінің ең ауқымды бөлігі – ана мен балаға көрсетілетін қолдау екені белгілі. Өйткені бала – мемлекет үшін де, ұлт үшін де болашақтың кепілі. Осыны ескерген мемлекет әрбір сәбидің өмірге келуін қуанышпен қарсы алып қана қоймай, отбасына қаржылай демеу көрсетеді. Мәселен, алғашқы үш балаға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 149 416 теңге болса, төртінші және одан кейінгі балалар үшін төлем көлемі 247 716 теңгеге жетеді.
Ал бала дүниеге келгеннен кейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы мөлшері де артты. Бірінші бала үшін төлем 22 648 теңге болса, екінші балаға 26 777 теңге, үшіншісіне 30 866 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 34 995 теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Осылайша мемлекет отбасының жүгін жеңілдетіп, аналардың алаңсыз баласын бағып-қағуына жағдай жасауға тырысып отыр.
Бұл сандардың артында мыңдаған ананың еңбегі, миллиондаған баланың қамқорлығы жатыр. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 63 мыңнан 110 мың теңгеге дейін жетеді. Ал «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері ай сайын қосымша 25-29 мың теңге көлемінде алады.
2025 жылғы 17 шілдеде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген төлемдердің жалпы сомасы 437,7 миллиард теңгені құрады. Бұл көмекпен 369,1 мың адам қамтылған.
Тек бала туғанда берілетін жәрдемақының өзі 30,6 миллиард теңгеге жеткен. Оны 169,2 мың адам алған. Бұл қолдауға бала туған, асырап алған, қамқорлыққа алған ата-аналар, қандастар мен Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер де үміткер бола алады.
Ал бала күтімі бойынша жәрдемақыға 21,7 миллиард теңге бөлінген. Орта есеппен 123,8 мың адам қамтылды. Жүктілік пен босануға байланысты төлемдер де қомақты. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл төлемдерге 166,9 миллиард теңге бөлініп, 116,1 мың әйел қамтылды. МӘСҚ арқылы бала күтіміне байланысты табысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем де бар. Ол соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. 2025 жылдың алты айында бұл мақсатқа 218,5 млрд теңге бөлініп, 129,2 мың адам қамтылды. Орташа айлық төлем – 89 881 теңге.
Бұл сандардың өзі-ақ мемлекеттің әлеуметтік салаға бөлетін қаржысының ауқымын көрсетеді.
КӨЛЕҢКЕЛІ «КӨМЕК»
Иә, ана мен балаға әлеуметтік жәрдемақы біраз бағыт бойынша қанағаттанарлық деңгейде өтелетінін білдік. Ендігі кезекте шығынның да көлемі артқаны туралы қозғасақ.
Мамандардың болжауынша, бұл өсімнің негізгі себебінің бірі – жүктілік пен босануға байланысты төлемдер төңірегіндегі «күмәнді схемалардың» кеңінен қолданылуы. Яғни кейбір өтініш берушілер мен жұмыс берушілер әлеуметтік сақтандыру жүйесін айналып өтіп, заңдағы осал тұстарды өз мүдделеріне пайдаланып жүр.
Әсіресе шын мәнінде еңбек етпей жүрген азаматтардың кейінге қалдырылған мерзіммен ең жоғары табыстан (жеті ЕТЖ) аударымдар енгізіп, мол көлемде төлем алуы – әділеттілікті бұзған негізгі фактор. Мұндай жағдайлар жүйеге адал қатысып жүрген аналардың төлемдерімен салыстырғанда бірнеше есе артық қаражат алуға мүмкіндік берген. Осындай әрекеттердің нәтижесінде, қоғамда әділетсіз жүйе қалыптасып, сенім дағдарысы күшеюі бек мүмкін.
Бұл жағдай мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының тұрақты жұмысын да қиындатып отыр. Қор активтерін уақытылы қаржыландыру үшін қысқартуға мәжбүр болу – қаржылық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп соққан. Экономистердің айтуынша, егер бұл мәселе уақтылы шешілмесе, жүйенің қаржылық тұрақтылығы алдағы үш жылдың ішінде-ақ шайқалуы ықтимал. Актуарлық бағалау бойынша, ең күрделі кезең 2028 жылға сәйкес келуі мүмкін.
Сол себепті Үкімет үшін қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қайта қарауды жүктеді. Параметрлік өзгерістер енгізу арқылы әділеттілік пен қаржылық тұрақтылықты қатар сақтау мүмкін болмақ.
Премьер-министрдің сөзі осы тұрғыдан алғанда айқын бағдар береді.
– Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлем мен жәрдемақыларды алып тастау қажет. Болды. Осы мәселеде нүкте қою керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау. Ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек. Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге айрықша көңіл бөліп отыр, – деді Олжас Бектенов.
Бұл сөздерден Үкіметтің негізгі ұстанымы анық: мемлекет – қолдаушы, бірақ негізгі күш – еңбекке жарамды азаматтың өзінде. Өткен жылы Мемлекет Басшысы осы турасында өткір ойын жеткізіп, кейбір ел азаматтарының «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге үйреніп алғаны» туралы айтты. Десе де пікір екі жақты…
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова да бұл бағыттағы реформалардың мәнін ашып берді. Оның ай – туынша, кейбір төлемдер әділетсіз әрі тиімсіз. Мәселен, мүгедектігі бар баланы үйде оқыту үшін берілетін 500-3000 теңге көлеміндегі төлем ата-ананың міндетін екі қайтара қаржыландыру болып шыққан. Сондықтан мұндай нормалар қайта қаралады.
Әлеуметтік саясаттағы ең басты түйткіл – мемлекеттік қолдаудың әділ әрі мақсатты бөлінуі. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін бөлінетін әрбір теңге нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Әйтпесе халық арасында «ақша бар, бірақ әділдік жоқ» деген түсінік қалыптасып, жүйеге деген сенімге сызат түседі.
Бүгінде әлемдік тәжірибеде жәрдемақыларды бөлудің кешенді тәсілдері қолданылып жүр. Мәселен, кейбір елдерде қаржылай төлемдермен қатар тегін білім беру, денсаулық сақтау қызметтеріне жеңілдік және кәсіби қайта даярлау курстары ұсынылады. Мұндай қадам тек уақытша демеу емес, азаматтың болашағына салынған инвестиция болып саналады. Қазақстан үшін де әлеуметтік қолдаудың осындай көпқырлы үлгісін дамыту өзекті.
Қаржылық тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сарапшылардың пайымынша, әлеуметтік төлемдерді заңдағы олқылықтарды пайдаланып алудың артуы – әділдікке балта шабатын құбылыс. Жүйеге адал қатысып жүрген азаматтардың төлемдері кей жағдайда әлдеқайда төмен болып, ал «күмәнді жолмен» тіркелгендер айтарлықтай жоғары көлемде қаражат алып отыр. Бұл теңсіздік уақыт өте келе әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты, Үкіметтің алдына қойылған міндет – көмектің әділ бөлінуін қамтамасыз етіп қана қоймай, оны еңбекке ынталандыратын құралға айналдыру. Әлеуметтік төлемдер ешқашан «мәңгілік асыраушы» болмауы керек. Ол – қиын сәтте демеу, ал негізгі күш – әрбір азаматтың еңбегі мен қоғамға қосқан үлесінде. Әлеуметтік жәрдемақыны беруді осылай жүйелендірсе ғана әлеуметтік әділеттілік пен тұрақтылық қатар сақталады.
Жәрдемақылардың артуы – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған оң қадам. Дегенмен мұны түпкілікті шешім деп айту қиын. Жәрдемақы – уақытша демеу, ал негізгі тірек – еңбек пен бәсекеге қабілеттілік. Егер жәрдемақы адамды еңбекке емес, масылдыққа итермелесе, оның қоғамға пайдасы шамалы.
Алайда әлеуметтік қолдаусыз қоғамда теңсіздік күшейіп, әлсіз топтардың тұрмысы қиындап кетуі мүмкін. Сондықтан тепе-теңдік қажет: бір жағынан – қолдау, екінші жағынан – еңбекке ынталандыру.
Әлеуметтік жәрдемақы – мемлекеттің халық алдындағы парызы. Ол – мемлекет пен қоғам арасындағы үнсіз келісімнің бір бөлігі. 2025 жылдан бастап жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің өсуі халықтың тұрмысына аз да болса демеу болмақ. Бірақ бастысы – бұл жүйенің әділетті әрі тиімді болуы.
Мемлекет қанша жерден әлеуметтік қолдау көрсетіп, халықтың тұрмысын жеңілдетуге тырысса да, түпкі тірек әр азаматтың өз еңбегінде. Жәрдемақы – уақытша демеу, нағыз мұқтаж жандарға көмек, бірақ мығым тұрақтылықты қамтамасыз ететін күш – адал еңбек пен табыс табу мүмкіндігі. Қазақ «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Сол себепті қоғамның дамуы үшін мемлекеттік қолдау мен азаматтық жауапкершілік қатар алып жүру баршамыздың парызымыз екенін ұмытпайық.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!