Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов желіде дау тудырған Алматы облысындағы мектепке қатысты пікір білдірді.

Әкім мектеп мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты.

Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды. Жасұлан Естенов 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектепке қатысты мәселе 3 ай бұрын көтерілгенін айтты.

«Әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан Шалқар ауылындағы М.Ломоносов атындағы мектебінің ескі ғимараты 2018 жылы 15 224 000 теңгеге сатылған. Бұл ғимаратты мемлекеттің құзырына қайтару үшін менің тапсырмама сәйкес, биыл 9 наурызда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап-арыз жолданды. Қосымша Қарасай аудандық прокуратурасы тарапынан Шалқар орта мектебінің ескі ғимараты бойынша қаулылардың күшін жоюға талап-арыз берілді. Биыл 25 мамырда және 2 маусымда сот отырыстары өткізілді. Айтайын дегенім, құрметті аудан тұрғындары, бұл жұмысты біз үш ай бұрын бастап қолға алғанбыз. Заңға сәйкес, мемлекетке қайтарып, ел игілігіне пайдаланамыз», – деп жазды ол парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында 15 миллион теңгеге сатылып кеткен мектептің мәселесін көтерген еді.

«Сол ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұрады. Бір үлкен мектепті 15 миллион теңгеге сатып жіберу деген сұмдық нәрсе ғой. Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе, бүкіл фамилияның соңына жетемін, екі ай уақыт береміз», – деді Мақсат Толықбай.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!