Фото: Астана әкімдігі

KAZINFORM — Алматыда бірқатар мамандыққа сұраныс артса, кей салаларда жұмыс орындары азайған. 

Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы жұмыс берушілер тарапынан ең сұранысқа ие мамандықтар қатарына: мұғалім, бухгалтер, бухгалтердің көмекшілері, тәрбиешілер, мейірбикелер, санитарлар, аула сыпырушылар енген.

Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері Enbek.kz сайтына 18 869 түйіндеме орналастырылды. Соның ішінде алматылықтар — бухгалтер, медицина қызметкерлері, мұғалім, тәрбиеші, заңгер, мектеп психологтары, әртүрлі жұмыс атқаратын жұмысшы сынды вакансияларды жиі іздеген.

— 2025 жылы еңбек нарығында қызмет көрсету, логистика, IT саласы, медицина және құрылыс саласы бойынша сұраныс өсімі байқалады. Сонымен қатар жастар практикасы мен уақытша жұмыспен қамту жобаларына қызығушылық артты. Одан бөлек онлайн жұмыс форматтары мен қысқа мерзімді курстарға қызығушылық өсті, — деп хабарлады орталықтан.

Ал керісінше кеңсе әкімшілігі (іс жүргізуші, офис-менеджер), дәстүрлі сату менеджері және кассир қызметі, күзет, сондай-ақ банк бөлімшелерінің операторлары бойынша Алматы қаласының еңбек нарығында сұраныс төмендеген.

— Бұл цифрландыру, автоматтандыру және онлайн қызметтердің кеңеюімен байланысты, — деп түсіндірді Еңбек мобильділігі орталығының мамандары.

Алматылықтар қандай жалақы сұрайды

Еңбек мобильділігі орталығы ұсынған мәліметке сәйкес, Алматыда жұмыс іздеушілер орта есеппен кемінде 320 000 теңге жалақы сұрайды.

Ал жарияланған хабарландырулар арасында қазір жалақысы жоғары мамандықтар қатарына: қаржы директоры, директордың орынбасары, бөлім басшылары — орташа жалақысы шамамен 930 000 тг, IT-мамандары — 900 000 тг, маркетологтар — 650 000 тг және басқа да жұмыс орындары енді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!