Англияға жұмыс істеуге барамыз деп алданған 6 облыстың тұрғындары бүгін Тараз қаласындағы полиция бөлімінің алдына барып, шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ашуға мінгендердің айтуынша «Центр трудоустройства» ЖШС жұрттың тапқан-таянғанын алып, хат-хабарсыз кеткен. Тұрғындар ақшасын бергелі 6 айдан асса да әлі күнге жауап жоқ.
Шетел аспақ болғандардың басым бөлігі елде жақсы жалақыға жарымаған жұмысшылар. Егер айлығымыз мардымды болғанда бұндай әрекетке бармас едік дейді. Серіктестің сөзіне сенгендер ағылшын елінде кемі 1 миллион теңге айлық аламыз деп ойлаған. Жататын орын, үш мезгіл тамақ қамтасыз етілген деген желеу де айтылыпты. Құрылыстан бастап түрлі диқандық жұмыстарда еңбек ету тиіс тұрғындар қазір компания басшылығын іздеп әлек.
«Не ақша жоқ, не жұмыс жоқ! Англияға жетіскеннен бара жатқан жоқпыз. Біздің айлығымыз азық-түліктен артылса, келесі айға жететін болса шетелге қаңғып неміз бар?», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Назира Тайкиева.
«Ол жақта мен қазір құлпынай теріп жүруім тиіс еді. Маған 300 мың теңге тамағыңа, жататын орныңа кетеді деген. Таза қолыңа тиетін айлық 1 миллион теңге деп сендірді. Ал келісімшарт компания басшысы Өтеген Тимур деген кісімен жасалды. Мөр басылған қажетті құжаттардың барлығы қолымда тұр. Бірақ ол бізді сондада алдап кетті. Маған 2 айдан кейін жұмысқа барасың деп айтқан болатын. Алайда 2 ай емес, 6 ай өтті. Ешқандай кері байланыс жоқ. Жауап та бермейді», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ұлжан Әбілова.
«Центр трудоустройства» ЖШС жарнамасы әлеуметтік желіде жер жарады дейді жиналғандар. Жоғары жалақы мен кепілдік туралы айтқанда сенбеске болмады дейді. Қазір логиндері жазылған кейбір парақшалардың атын өзгертіп, жауып тастаған көрінеді. Қаржыдан қағылғандар алаяқтар туралы заңды күшейтпесе, сан соққандардың саны арта береді деді.
«Біз ҚР Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан алаяқтық туралы бапты қатаңдатуды талап етеміз. Олай болмаса алаяқтарға алданған адамдар саны елімізде күннен күнге артып келеді. Өйткені қарашаның миллиардтаған қаржысын заңсыз қалтаға басқандарды 3 жылдан бастап бас бостағынынан айыру деген оларға түкке тұрмайды. Ал біз секілді барын беріп, дымсыз қалғандардың ендігі өмірі не болып жатыр?», – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бақытжан Алдабергенов.
Полиция департаменті болса бұл іс жайлы мардымды жауап бермеді. Тек алаяқтық бабы бойынша қылмыстық істің басталғанын мәлімдеді.
«Жамбыл облысында тіркелген ЖШС-ке адамдар ақшаларын берген. Шетелде жұмысқа тұрғызу деген себебімен. Сол бойынша қазіргі таңда бізде ҚК 190-шы бабымен, ҚК тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде», – дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Алмас Саламатов.
Арызданғандар қылмыскер деп санаған серіктестестікті құзырлы орган өкілдері әзірге күдікті ретінде есепке алады. Себебі іс толық дәлелденген жоқ. Түскен арыздардың көптігіне байланысты тергеу жұмыстары ұзаққа созылмақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!