Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 2,9 мың отбасыға 939 млн теңге төленді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыста президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шарасы жалғасып жатыр.

4 сәуірден бастап су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған ақтөбеліктерге қаржылық көмек көрсету үшін біржолғы әлеуметтік төлем төленді.

«Қазір облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен оған қарасты аудандық бөлімдер келіп түскен барлық өтінімді жан-жақты қарап, тиісті қаржыны өтініш иелеріне аударды. Облыстағы 2904 отбасыға 939 млн 223 мың теңге төленді», – деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік орган мұнымен жұмысты тоқтатпайды. Қаржылай көмек туралы өтініш түссе, толық тексерістен соң, әкімдік оны төлейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!