Ағымдағы жылдың 9-10 сәуір күндері Арал қаласында «26 наурыз – Арал теңізі күніне» орай кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Арал қаласында «Арал теңізі күніне» арналған іс-шаралар өтті

9 сәуір күні іс-шаралар «Руханият» орталығында сурет салу, бейнеролик байқауы және шахмат турнирі жеңімпаздарын марапаттаудан басталды. Сонымен қатар, экологиялық акция аясында көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Күннің екінші жартысында оқушылар арасында «Aral Cup» футбол турнирінің финалдық ойыны өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Келесі күні «Арал өңіріндегі климаттың өзгеруінің қазіргі жағдайындағы туризмді, ғылымды және технологияларды дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар және сала мамандары қатысты.

Арал қаласында «Арал теңізі күніне» арналған іс-шаралар өтті

Дөңгелек үстел барысында климаттың өзгеруіне бейімделу, экологиялық жағдайды жақсарту, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ өңірдің тұрақты дамуына бағытталған заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – Арал өңірінің экологиялық мәселелеріне назар аудару, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!