Аружан Сәпиева – 19 жасында миллонер атанған жас кондитер, «BalZere» мектебінің үздік түлегі. Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылының тумасы Аружан қазір халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курсында білім алуда. Жас кәсіпкермен тәттілер әлеміндегі жетістігі жайлы әңгімелесіп, табысты болудың құпиясын кеңірек жазуды жөн көрдік.
Аружанның негізгі мамандығы кондитерлікпен қатысты болмаса да, тәттілер пісіруге карантинның ықпалы болыпты.
− Негізінде, тәтті пісіруге мүлдем қызықпайтын қыз едім. Тіпті, пирог жасауды да білмейтінмін. Өздеріңіз білетіндей, карантин уақытында жастардың басым бөлігі отбасын құрды, менің де құрбыларым тұрмысқа шықты. Менде бір күні бір әулеттің келіні болатынымды, қолымнан ешқандай тәтті пісіре алмайтынымды ойладым. Жай ғана отбасымды қуанту мақсатында ізденіп, мастер класстарға қатыса бастадым. Ол кезде торт пісіріп, ақша табу мүлдем ойыма келмеген. Инстаграмнан танымал фуд-блогер Әсел Жұматайдың жазбаларын үзбей қарап жүретінмін, сол кісідей болу арманым еді. Жас болса да, қолынан келмейтіні жоқ. Біріншіден, әртүрлі тәттілерді пісіріп видеосын әлеуметтік желіге жүктеп, қаншама қызға пайдасын беруде.
Екінші жағынан, отбасының разылығын алуда. Шынымды айтайын, басында торт жасау оңай болмады. Торттың корждары көтерілмей қалатын, көтерілсе, қатты болатын, тіпті кейде құрамына қопсытқыш (разрыхлитель) салуды ұмытып кететінмін. Тортым дұрыс шықпаса, «неге басқалардың қолынан келген істі мен жасай алмаймын?» деп жылайтынмын. Бірақ, ешнәрсе демде болмайды ғой, тәжірибе жүзінде қолды жаттықтырып, уақыт өте үйренеді екенсің, − дейді Аружан.
Осыдан кейін Аружан белгілі фуд-блогердің өзінен сабақ алуға тәуекел еткенін айтады. Онлайн жүргізілген курс сабағын Аружанға әкесі сатып алып берген екен.
− Жақында Әсел ханымның «Балзере» кондитерлік мектебі ашылды. Онлайн түрде оқытылған курс ұзақтығы 2 айға созылды. Бұл курсқа білімімді одан әрі жетілдіру үшін қатыстым. Қазір ең үздік студент атанып, ең үлкен статуэтка мен қызыл диплом иелендім. Осы курстың арқасында 2 айда 1 700 000 теңге табыс таптым. Жақында өзімнің 20 жас туған күніме орай әкеме жаңа көлік әпердім. Бұл − мен үшін үлкен жетістік. Ең алдымен, Жаратқанның және мені қолдап отырған ата-анамның, сосын маған сенім білдірген тапсырыс берушілердің арқасында деп білемін. Қазіргі таңда, бірнеше ауыл, аудан, тіпті қаладан да тапсырыстар түсуде. Мұндай нәтижеге жету үшін, күніне қанша сағаттан жұмыс жасағанымды білмеймін. Бір білетінім, күні-түні торт жасап, түнгі 4-5-те ұйықтап, таңғы 7-де қайта тұрып торт пісіретін кездерім болды.
«Балзере» мектебі тек қана табиғи, денсаулыққа кері әсері жоқ өнімдерден торт жасауды үйретеді. Негізі, торттың құрамындағы заттарға көп көңіл бөлемін, себебі, тапсырыс берушілердің денсаулығы мен үшін маңызды. Тек қана адал, ҚМДБ сертификаттаған өнімдерді ғана пайдаланамын десем де болады. Торттарға қажетті өнімді Түркістан қаласындағы «Декор» дүкенінен аламын. Өзім осы Түркістанда, қалада оқимын. Әр апта ауылға қайтарда торттың заттарын өзіммен бірге алып келемін, − дейді жас кондитер.
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!