Қазақстанда соңғы бес жылда азық-түлік бағасы айтарлықтай өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросы азық-түлік бағасының 2020 және 2025 жылдың шілде айындағы көрсеткіштерін жариялады. 

Ұлттық статистика бюросы бақылайтын азық-түлік өнімдерінің ішінде ең көп қымбаттағаны – қызылша, оның бағасы 191% өсіп, үш есе артқан. Бес жыл бұрын оның орташа бағасы 135 теңге болса, 2025 жылдың шілдесінде 398 теңге болған.

Екінші орында – қырыққабат, оның орташа бағасы 134% өскен, яғни келісі 83 теңгеден 194 теңгеге жеткен.

Сондай-ақ бағасы екі есе артқан өнімдер:

– Арпа-бидай наны – келісі 554 теңге;

– Майонез – 1 992 теңге;

– Пияз – 218 теңге;

– Карамель – 1 573 теңге;

– Қант – 432 теңге;

Сондай-ақ тізімде бағасы екі есе қымбаттамаса да, айтарлықтай өскен өнімдер де бар. 

Мысалы, 2020 жылы 3,2% майлылықтағы сүттің литрі 269 теңге болса, 2025 жылы 3,2–4% майлылықтағы сүт 534 теңге болған. Жұмсақ қаптамадағы 2,5% майлылықтағы сүт әлеуметтік маңызы бар өнім болып саналады. Бағасын мемлекет реттегендіктен, баға жылдам өспейді. Соған қарамастан, кейінгі бес жылда оның орташа бағасы 65% өсіп, литрі 252-тен 417 теңгеге жеткен.

Кейінгі бес жылда Қазақстандағы ет бағасында да өсім байқалады. Мысалы, сиыр етінің орташа бағасы 67% өскен. 2020 жылғы шілдеде Қазақстан бойынша сиыр еті сүйегімен бірге 1 905 теңге болса, 2025 жылы сүйегімен бірге 3 188 теңге болған.

Ал жылқы еті (сүйегімен бірге) кейінгі бес жылда дәл 50% қымбаттап, келісі орта есеппен 2 202 теңгеден 3 294 теңгеге жеткен.

Бірінші сортты бидай ұнынан жасалған нанның орташа бағасы 47% өсіп, келісі 291 теңгеден 429 теңгеге жеткен, ал екінші сортты ұннан жасалған нан 46% қымбаттап, келісі 151 теңгеден 220 теңгеге өскен.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ең аз қымбаттаған өнім – қарақұмық жармасы, ол кейінгі бес жылда 15% өсіп, келісі 383 теңгеден 440 теңгеге жеткен.

Осылайша, 2020 жылдан бері Қазақстанда мемлекеттік статистикалық орган бақылайтын барлық негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы өскен. Кейінгі бес жылда арзандаған өнім жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!