ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елордада халық санын шектеу бастамасын қолдайтынын, мұнда инфрақұрылымға баса мән беру керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше әлеуметтік желіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаевтың мәлімдемесі тараған еді.
Ол Астанаға көшіп келушілер санына шектеу қойылатынын, көші-қон ағыны бақылауға алынатынын айтқан.
Тиісті заң жобасын елорда әкімдігі дайындап жатыр.
«Қазіргі таңда бұл мәселе дұрыс шығар деп есептеймін, себебі елордада мектеп, медицина, жалпы әлеуметтік инфрақұрылым дайын емес. Егер әлеуметтік инфрақұрылым, дайын болса, қажетті мүмкіндіктер болса, әрине көбейтуге болады. Сондықтан, қазіргі уақытта Астана қаласындағы жалпы инфрақұрылымды есепке ала отырып, мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Мысалы бір үйде 5-6 отбасы тұрып жатыр, әлеуметтік жағдай нашар. Қала сонша азаматты мектепке қабылдай ала ма, емханаға қабылдай ала ма, сол жағын ойлау керек», – деді Тамара Дүйсенова Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, қазір Астана қаласында 1 миллионнан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген еді.
«Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда ашуға болады. Қазір уақытша осындай шешім қабылдауға тура келеді. Оқуға келгендер, жұмыс істеуге келгендер бар. Мысалы, жұмыс берушілер оларды жұмысқа шақырып, үймен немесе жатақханамен қамтамасыз етсе, еш шектеу болмайды. Халықаралық тәжірибеде де мұндай мәселелер бар. Мұнда АҚШ астанасы Вашингтон қаласының стандарттарын айтуға болады. Францияның әр қаласына берілген стандарт бар. Бір нәрсені түсінейік, ешкім ештеңеге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Әр қаланың өз инфрақұрылымы бар. Шымкент, Алматы қалаларында да тура сондай жағдай болды. Мәселе – азаматтардың әлеуметтік жағынан дұрыс мүмкіндік алуы», – деп түсіндірді министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!