Kyzylorda-news.kz. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Ashyq жобасына қызығушылық танытып отырған бизнес түрлеріне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Басқарма төрағасы Ashyq жобасына тағы да көптеген бизнес түрлері қосылуға ниет білдіріп отырғанын атап өтті. Оның ішінде балалар демалыс лагерьлері мен балаларды сауықтыру орталықтары, көрмелер, ірі сауда орталықтарындағы фудкорттар, жоғары оқу орындары, тағы басқалар да бар.

«Осы аталғандардың барлығы дайын Асқар Ұзақбайұлы (Мамин), сізден сұрайтынымыз: тапсырма берсеңіз, қызмет түрлерінің бәріне «Ashyq»-ты енгізіп, оның әрі қарай дамуына жол ашар едік», – деді Мырзахметов үкімет отырысында.

Айтуынша, жобаға өз еркімен қосылуға өтініш білдірген кәсіпкерлер де бар.  Оларға «қызыл»» және «сары» аймақтарда Ashyq қосымшасының арқасында жұмыс істеуге болады. Бұл санатта қонақ үйлер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер, мемлекеттік органдар мен медицина орталықтары бар.

Ол 26 сәуірден бастап Ashyq жобасы республиканың барлық өңіріне таралғанын атап өтті. Өңірлерде 48 кинотеатр жұмысын бастады. Жуырда жобаға театрлар да қосылады.

27 сәуірдегі дерекке сәйкес, Ashyq жобасына қатысушылардың жалпы саны – 1 658, ал қосымшаны қолданушылар 378 мыңнан астам адамды құрайды.

Ashyq қосымшасының қалай жұмыс істейді?

Ashyq – кәсіпкерлерге карантин кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қосымша. Мобильді қосымша қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеп, кәсіп иесіне коронавируспен ауырған адамдар туралы ақпарат береді.

Қандай да бір мекемеге кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код әлгі адамның статусын анықтайды. Азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.

Мекеменің QR-кодын сканерлегеннде келген адамның статусы түрлі-түсті форматта көрсетіледі.

«Қызыл» статус – адам вирус жұқтырды деген сөз. Яғни оның тапсырған ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Мұндай статустағы адамдар үйден шықпауы тиіс.

«Сары» статус – келушінің ауру жұқтырғандармен байланыста болғанын білдіреді. Оларға үй маңындағы азық-түлік дүкендеріне немесе дәріханаларға баруға рұқсат етілген.

«Көк» түс шықса, ПТР-тест міндетті саналатын орындарды қоспағанда, жүріп-тұруға ешқандай шектеу жоқ деген сөз.

«Жасыл» түс ПТР-тест тапсырып, нәтижесі теріс шыққан адамдар үшін жанады.

«Қызыл» немесе «сары» статус шыққан клиенттер мекемеге кіргізілмейді.