Тууды тіркеу рәсімі өтініш беру және нәтижені алу бөлігінде толығымен автоматтандырылған.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті және білім беруді дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) түзетулер енгізілді, оларға сәйкес «неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» азаматтық хал актілерін тіркеу электрондық нысанда беріледі, азаматтардың қалауы бойынша қағаз жеткізгіште берілуі мүмкін.

Сондай-ақ, медициналық ұйым баланың туу фактісі туралы мәліметтерді азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесіне босанған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде береді. Осылайша, азаматтарға ыңғайлы болу үшін туу тіркелгеннен кейін куәліктер «электрондық үкімет» порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне (бұдан әрі – Портал) және «eGov mobile» мобильдік қосымшасына жіберіледі.

Қазіргі уақытта, ХҚКО-ға немесе тіркеуші органға туу туралы өтінішпен не қағаз жеткізгіште қайта куәлік алу үшін жүгінудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде тууды тіркеуге өтінішті проактивті тәсілмен беру мүмкіндігі бар. Бала туылғаннан кейін бірден ата-аналарға құттықтау, сондай-ақ баланың тууын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу туралы SMS-хабарлама келіп түседі.

Проактивті қағидат бойынша қызмет көрсету үшін порталдағы жеке кабинетте ұялы телефон нөмірін жеке сәйкестендіру нөміріңізге байланыстыруды жүзеге асыру қажет. Балалардың азаматтығы жоқтығын болдырмау және тууды уақтылы тіркеу мақсатында Қазақстан Республикасының 25.11.2019 жылғы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері жөніндегі заңымен Кодекстің 187-бабы медициналық ұйымда анасында туған балалардың туу туралы куәліктерін жеке басын куәландыратын құжаттарсыз қамтамасыз ету жөніндегі нормамен толықтырылды.

Куәліктері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берілген балалардың тууын тіркеу үшін құжаттар тізбесі (Кодекстің 188 – бабының                                                 4-тармағы) шетелдік туу туралы куәлік, туу туралы актілердің немесе туу туралы медициналық куәліктің көшірмелері сияқты құжаттармен кеңейтілді.

Қосымша, Kaspi.kz, halyk Homebank екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тууды тіркеуге өтініш беру жүзеге асырылғанын хабарлаймыз.

Г.Досмағанбетова,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің бас маманы.   

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!