Қазақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген тәмсіл бар. Бала мықты болып өсуі үшін дұрыс тәрбие мен білім қажет. Президент жаңа жылдық құттықтауында биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулығы мен білім сапасын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру басты міндет екенін айтқан еді.
Аймақта айтулы жылға ауқымды жоспарлар бар. Орындалып та жатыр. Биыл «балалар жылына» орай облыс әкімі мен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Қызылорда қаласында 50 дана спорт және балалар ойын алаңдары салынбақ.
Балаларға арналған спорт алаңдарын салуда белсенділік танытып, құрылыс жұмыстарын алғашқы болып бастаған мекемелердің бірі – «Корпорация Алем-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мекеме қазіргі таңда Бәйтерек тұрғын ауданы, Баламекен ауылындағы жалпы ауданы шамамен 560 шаршы метр болатын аумақты спорттық тренажерлар, балалар ойын алаңы және футбол алаңымен қамтымақ.
Игі бастаманы кәсіпкер қаланың басқа 4 аумағында жалғастыруды жоспарлауда, ендігі дәл осындай спорт және балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстарын №222 мектеп алды мен Шанхай мөлтек ауданынан салуды жалғастырмақ. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы бюджет есебінен қала орталығынан 3 ойын алаңы мен 7 демалыс орны салынады.
Айта кетерлігі, қала көлемінде ойын алаңдарын орналастыру жұмыстары бойынша 2021 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 25 ойын алаңының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!