Баспаналы болу – басым жұрттың «бас ауруы». Әсіре, жастар «қашан үйлі боламын?» деген үреймен жүреді. Бұл мәселе Сенат спикерлерін де бейжай қалдырмады. Бірқатар депутаттар елдегі «7-20-25», «5-10-15» және басқа тұрғын үй бағдарламасы болғанымен, аталған жоба мәселені түбегейлі шешпегеніне наразы. Сенат спикерлері бұл олқылықтың себебін жастардың алғашқы жарнаны төлеу қабілетінің төмендігі мен пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына сілтеуде.

Алдағы уақытта барлық өңірде әкімдіктерімен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.

«2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктермен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 3 өңірде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Енді жыл соңына дейін басқа да өңірлерде осы тектес бағдарламаны іске қосу қарастырылып отыр», – делінді жиында.

Жалпы 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7 мың жалға берілетін баспана ұсынылған. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтер беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін жалдамалы тұрғын үй беру қағидаларына жастардың айлық табысын растау талаптарын 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін баспана алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтпек.

Айта кетейік, бүгінде «Отбасы банкінде» жастардың 500 мыңнан аса депозиті ашылды. Онда жалпы сомасы 250 млрд теңгеден астам қаржы жиналған екен. 2025 жылға қарай жастардың баспана жинақтарының көлемін 800 мың депозитке дейін жеткізу, жастар арасында баспанаға алуға жинақ ашу мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілмек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!