Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева депутаттық сауал жолдады.
Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуының басты ұстанымы – азаматтарымыздың сапалы әрі лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Кез келген отбасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – баспаналы болу. Тұрғын үй сатып алу тұрғындардың қол жеткізе алмай келе жатқан арманы болып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған 636,6 мың адам бар, оның 415,7 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады. Олардың ішінде І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, қарт зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар бар. Біздің Сізге депутаттық сауал жолдауымыздың себебі халықтың әлеуметтік осал топтарының үш санатындағы отбасыларға: яғни, көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға байланысты проблемалар себеп болды.
Елде әлеуметтік мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың бар екені белгілі. Алайда, бұл бағдарламаларды іске асыру қолжетімділіктің күрделілігіне, кезекті ұзақ күтуге, қаржыландырудың шектелуіне, салынып жатқан тұрғын үйдің жетіспеуіне, атқарушы органдар тарапынан халықтың жеке қажеттіліктеріне немқұрайлы қарауына байланысты тиімсіз болып отыр. Қазіргі уақытта ипотекалық несие беру шарттарын қайта қарап, аталған санаттағы отбасылар үшін қолжетімді ету қажет. Жергілікті әкімдіктерде тұрғын үй алу кезегіне тұру үшін тұрақты тұрғылықты жері бойынша үш жылдан астам тіркеудің болуы міндетті шарт болып табылады. Іс жүзінде халық ақылы тіркеу проблемасына тап болады: бұл сыбайлас жемқорлықты тудырады, азаматтарды осылайша заңсыздықтарға итермелейді. Сондай-ақ тұрақты, жақсы жалақы алатын жұмыс керек. Соңғы алты айдағы отбасының жиынтық табысы жоғары болуы керек. Ал ипотеканы мақұлдаудағы маңызды сәттердің бірі – жақсы несие тарихының болуы және несиелердің болмауы. Бірақ осы үш санаттағы отбасылар несиелерді, шағын несиелерді өтеу мәселесіне жиі тап болады және олардың барлығында несие тарихында көрсетілген кешіктірілген төлемдер бар. Осыған байланысты олар ипотекаға пәтер сатып ала алмайды.
Ресми статистикаға сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша (2019-2022) 14 938 несие, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша (2020-2022) 19 394 несие берілген. Елімізде халық санының қарқынды өсуі жағдайында бұл несиелеу көрсеткіштері өте төмен.
2023 жылға «Бақытты отбасы» бағдарламасына 3176 өтінішке, «Шаңырақ» бағдарламасына 3610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінді. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биылғы жылы тек 6 786 өтініші мақұлданады деген сөз. Бұл ипотека бойынша баспана ала алатын мұқтаждардың жалпы санының 1,6 пайызын құрайды. Халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарау қажет. Атап айтқанда:
1. «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны міндетті шарттардан алып тастауды немесе үш санатқа: көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сертификатын беруді қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бастапқы жарнаны төлемей, баспана алудың баламалы тетіктерін енгізуді қарастыруыңызды сұраймыз;
2. Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі ересектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке кезек жасау керек;
3. «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отбасыларды қосу;
4. Ипотекалық рәсімдерді жеңілдету: Күрделі және ұзақ ипотекалық рәсімдер үй иелеріне айтарлықтай кедергілер тудырады. Бұл табыстың жоғары деңгейі, міндетті зейнетақы жарналары, мінсіз несие тарихы және несиелерінің болмауы, тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы, қосымша қарыз алушының болуы және т.б. Үкімет ипотека алу рәсімдерін жеңілдету және қарыз алушыларға бюрократиялық жүктемені азайту үшін қандай шаралар қолданады?
5. Жергілікті атқарушы органдар біліктілік талаптарын және ипотекалық кредиттеуді төлеу мүмкіндігін ескере отырып, осы үш осал санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде жәрдем көрсетсін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!