Сәуір айы көлік жүргізушілеріне тәуір болмай тұр. Ай басталысымен жанар жағармайдың бағасы 19 теңгеге бірақ шарықтады.  Жыл басында АИ-92 бензинінің литрі 149-150 теңгеге сатылса, бүгінгі нарық 169 теңгені құрап тұр. Бұл – табысын теміртұлпардан тауып отырғандар үшін жайсыз жаңалық. Бағаның бұлай құбылуына не себеп?

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, елдегі мұнай өнімдерінің жиынтық қоры жеткілікті деңгейде. 225 мың тонна бензин 20 тәулік бойы қажеттілікті қамтамасыз ете алады. Ал 298 мың тонна дизель отыны ішкі нарықтың қажеттілігін 27 тәулікке қамтамасыз етеді.

– Баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар – Қазақстан Республикасындағы мұнай құны, процессинг, салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар бойынша шығындар, банктік қарыздарға қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар болып табылады. Тұтынушылар үшін түпкілікті баға мұнай өнімінің көтерме құны, автожанармай құю станциясына дейінгі барлық көлік шығындары, мұнай базаларында сақтау, бөлшек саудада өткізушінің шығыстары, сондай-ақ акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады, – деді вице-министр Әсет Мағауов. 

Оның айтуынша, ҚР ішкі нарығында жанар-жағармай бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарықпен реттеледі. Қазір елдегі орташа алғанда бензин бағасы 160 теңге шамасында. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, бұл әлдеқайда төмен. Мысалы, Қырғызстанда 92-бензин бағасы литріне 185, Өзбекстанда 260 (63% жоғары), Ресейде 255 теңге (59% жоғары).

Дегенмен вице министрдың көршілес елдердегі жүйенің басқа екенінен бейхабар секілді. Мысалы Өзбекстанда бензин бағасы 260 теңге болғанымен аталған суммаға көліктің салығы қосылған. Ал, солтүстік көршіміз Ресей 2021 жылдан бастап салықты алып тастап, одан түсуі тиіс болған түсімді отын акцизі есебінен өтеу жоспарланған.

Жалпы бензині арзан елдердің алғашқы үштігіне Венесуэла (8,4 теңге), Иран (29,5 теңге) және Ангола (102,6 теңге) кіреді. Ең қымбаты Сирияда, бұл елде бензиннің бір литрі 1,1 мың теңге тұрады.

Тақырыпты тарқатқатқанда мұнай және газ саласында қызмет ететін бірнеше сарапшымен пікірлестік. Соның бірі – Олжас Байділдинов. Олжастың пікірінше, бензин бағасы бір жыл бұрын өсу керек болған көрінеді.

– Нарықтық экономика жағдайында бағалар бір жыл бұрын өсуі керек еді. Бірақ тұтынудың төмендеуі мен пандемияға байланысты 2020 жылдың қаңтарынан бастап қайта өңдеуге арналған акциздердің өсуіне қарамастан, олай болмады. Біз бағаның өскенін, одан кейін төмендегенін байқаған жоқпыз. Сол кездің өзінде мұнай өндіруші және өңдеуші компаниялар үшін бағалар тұтастай алғанда шығынды болды. Бір жыл бұрын көптеген сарапшылар мұнайдың әлемдік бағасы 3 есе төмендеді, яғни Қазақстанда да баға 3 есе төмендеуі тиіс деп айтты. Бірақ ішкі нарықтағы бағалар бұрыннан дотациялық және олар әлемдік бағадан едәуір төмен. Бензин бағасы неден құралады? Мұнай өндірудің өзіндік құны, МӨЗ-ге дейін тасымалдау бар. МӨЗ-де мұнай өңдеу бар. Сондай-ақ дайын мұнай өнімдерін ЖМҚС желілеріне дейін жеткізу қажет. Әрине жанармай құю станцияларының да өз шығындары бар. Айта кетейік, маржа бұрын 3-5 теңге болса, қазір ол литріне 1-3 теңге шамасында, тіпті одан да төмен. Brent сорты – мұнайдың эталондық түрі, біздің мұнай, мұнайдың басқа да көптеген түрлері сияқты, сапасының әр түрлі болуына және өзге де экономикалық себептерге байланысты осы көрсеткішке қарап, дисконтпен/жеңілдікпен сатылады, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов. 

Бағаның күрт көтерілуіне көлік жүргізушілері наразы. Себебі тапқан табысының тең жартысынан көбін жанармайға жұмсайды екен.

– Айлық жалақымыз 115 мың шамасында. Көлігіме күніне 2000 теңгеге бензин құямын. Қазіргі бағамен есептесем аталмыш сомаға 11 литр ғана құяды екенмін. Айына 60 мың теңгені жанармайға жұмсаймын. Жұмыстан кейін қосымша жұмысымыз такси қызметі. Соңғы кезде Indriver-дың  да қызметі жоғарылап кетті. 400 теңгенің тапсырысын орындасақ, 10 пайыз Indriver-дың қызметі ұсталынады, одан бөлек taxi park қызметі тағы алынып, 400 теңгеден тек 300 теңгесі қалады. Мен секілді такси қызметіне шығатындар көп болғандықтан тапсырыс оңайлықпен келмейтіні тағы бар. Сондықтан қазір күнкөріс бірте-бірте қиындап барады. Неге газге ауыстырмайсыз деген сауал туындауы мүмкін. Әу баста зауытта салынбаған газды қолдан салдыру қисынға келмейді. Мысалы, қазір салдырғанмен ол көпке ұзамай маторды құртады. Газ бензинге қарағанда құрғақ болып келеді. Сондықтан біздің  көлікке зияны болмаса, пайдасы жоқтың қасы, – дейді жүргізуші Әлішер.

Тағы бір сарапшымыз Ерлан Жаукин бензин бағасының көтерілу себебін айтып берді. Маманның сөзіне сүйенсек, бензин бағасын арттыруға мәжбүр болған.

– Біріншіден, мұны мәжбүрлі шара деп топшылауға болады. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына келіп түсетін мұнайдың бағасы қымбаттағандықтан, осылай болып отыруы әбден мүмкін. 2021 жылдың басынан бері мұнай өнімдерін тасымалдау қызметінің құны артқанын да ұмытпау керек. Бұл жерде «мәжбүрлі шара» деп отырғанымыз мынау. Жанармайдың ең төменгі баға дәлізін жер қойнауын пайдаланушылар субсидиялап келген. Яғни, өңделетін шикізаттың бағасына жеңілдіктер жасайтын. Бұл баға мен экспортқа шығатын мұнай бағасының айырмашылығы 50 доллардай болады. Қазір аталмыш жеңілдіктің көлемі 80-130 доллар аралығында болып тұр. Бұл жерде баға мұнайдың қай жаққа жөнелтілетініне қарай құбылады. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбі келісімшарт бойынша өндірген мұнайдың 35-45 пайызын ішкі нарыққа өткізу туралы міндет алған. Қазір олар шығарған өнімінің 75-80%-ын ішкі нарыққа беріп отыр. Отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның үстіне мұнай өңдейтін жаңа өндіріс көздері іске қосылып жатыр. Тұтас жылмен есептегенде, ішкі нарықтың тұтыну көлемі шамамен 2 млн тоннаға жетіп отыр.  Осылайша қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары өңдеуге қажетті шикізатты толық көлемде әрі үлкен жеңілдікпен алып отыр. Есесіне жер қойнауын пайдаланушылар мынадай жайттарды бастан өткеріп жатыр:

− кен орнының сарқылуы салдарынан мұнай алу көлемі түсіп барады; 

− мұнай экспорты әлсіреп, оны сатудан түсетін пайда қысқарды;

− ішкі нарыққа субсидияланған бағамен беретін мұнайдың көлемі өсті.

Бір сөзбен айтқанда, мұнай өндірісінің азайып, ішкі нарыққа жеткізу көлемі артқандықтан жер қойнауын пайдаланушылардың кірісі кеміп отыр. Тиімді бағамен экпортталатын өнім көлемі төмендеп, тиімсіз бағамен ішкі нарыққа өткізу көлемі ұлғайған. Қазіргі жағдайда мұнай экспортынан түскен пайда көптеген жер қойнауын пайдаланушының ішкі нарыққа жеңілдікпен мұнай өткізген кездегі шығындарын жаппай отыр, – дейді Ерлан Жаукин.  

Ерлан мырза қазақстандық жанармай құю станциялары мен көрші елдердің жанармай құю станцияларындағы баға айырмашылығы да өз әсерін тиігізбей қоймайтынын алға тартты. Сарапшы Ресей Федерациясындағы жағдайды мысалға келтіреді.

– Бүгінде Ресейдің бізбен шекаралас өңірлерінде АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрі қазақстандық баламасынан 90-100 теңгеге қымбат. Бұл – біздің бензиннің осы елге ағылуына түрткі болатын жайт. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында осындай жағдайларды байқауға болады. Бензин багы орнатылған ауыр жүк көліктері аталған өңірлердің жанармай бекеттерінен жиі жанармай құяды. Мұндай «фураның» біреуі ғана 4 мың тоннан бензинді алып өтіп, ресейлік жанармай құю станцияларына қымбат бағамен сата алады. Бензин бағасының бұл жолғы қымбаттауын «мәжбүрлі шара» деп отырғанымыз осы. Соның арқасында мұнай өндіру мен оны ішкі нарыққа жеткізудің экономикалық тепе-теңдігін қалпына келтіре аламыз. Біздегі бензиннің көрші елдің нарығына ағылуы ешқандай пайда әкелмейтіні айтпаса да түсінікті. Біздің ойымызша, АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы литріне 170-175 теңге болғаны әділетті, – деді сарапшы.

 Жанармайдың жоғарылауы базар бағамына да әсері етуі бек мүмкін. Бүгінде сатушылар мен тұтынушылар жанармай бағасының өсуіне байланысты  азық-түліктің бағасы да көтеріліп кете ме деп алаңдаулы.

– Көлік жүргізбесек те бензин бағасының шарықтап кеткенін естіп, азық-түлік бағасына да әсер ететінін біліп отырмыз. Өйткені өңірге азық-түліктің 80 пайыздан астамы қара жолмен яғни көлікпен жеткізіледі. Сатушылардың жеке көлігі болса бір сәрі. Барлығы жалдамалы түрде жеткізіледі. Жанармай қымбаттаған соң жеткізушілердің де қызметі қымбаттай түсетіні айдан анық. Бірақ әзірге базардағы баға тұрақты. Бүгінде халықтың сұранысына ие бірнеше тауарлардың бағасына тоқталып кетейін.  Цеснаның 5 келі  ұны – 1385 теңге, Ақниет элиталы күріштің 5 келісі – 1460 теңге, Мадина макароны – 495 теңге, Монти печенесінің келісі – 595 теңге, тауықтың қанаттарының келісі – 995 теңге. Бірақ бұл бағалар бензиннің қымбаттауына байланысты  көтерілуі бек мүмкін, – дейді Сұлтан сауда орталығының сатушысы Мадина Керімжанова.

Көктем шықса егін шаруашылығына ойысатындардың да көңіл күйі күпті. Олай болатыны да заңдылық. Бензин көтерілген сайын дизель отыны да тұрақтамай тұр. Бірақ  энергетика вице министрі Әсет Мағауов ауыл шаруашылығымен айналысушыларды алаңдамауға шақырды.

– Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-дерге және ресурс ұстаушыларға бекіту кестесін бекіттік. Кесте аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тоннасына 174 000 теңге Павлодар мұнай-химия зауытынан және «Петро Қазақстан ойл Продакс» бағасымен беріледі. Атырау мұнай өңдеу зауытынан тоннасына 172 000 теңгеден жеңілдетілген дизель бөлінеді. Кесте бойынша бағамен 380 мың тонна дизель отыны қарастырылған, – деді вице-министр.

Жоғарыдағы сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бензин бағасы жыл соңына дейін тіпті шарықтап кетуі әбден мүмкін. Елімізде жылына 80 млн теңгеден астам мұнай өндіріліп, шикізат және өңделген күйінде шетелге шығарылып, еліміздің бюджетіне қомақты қаржы түсуде. Әрине, еліміздің алға қарыштап дамуына мұнай экспортының қосқан үлесі ерекше. Алайда табиғат-ананың берген байлығын ұтымды пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!