Ауылдың қазіргі ахуалы, шешімін таппай келе жатқан өткір мәселелер, ауыл әкімінің рөлі мен мәртебесі және олардың қызметтеріндегі кедергілер. Осы және басқа да өзекті мәселелер «AMANAT» партиясынан сайланған ауылдық округ әкімдерінің партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевпен кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласында өткен жиынға бейне байланыс арқылы Ұлттық экономика министрлігінің өңір дамуына жауапты өкілдері де қатысты.
Ауылда жылдар бойы шешімін таппай, бітеу жара сияқты сыздап жатқан мәселенің, бітпей тұрған көп шаруаның бір ұшы әкімге келіп тірелетіні анық. Мұнда бюджет мардымсыз, маман тапшы, қол қысқа, техника жетпейді деген сыңайдағы көп кедергі бар.
Мәселен, Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Махсутов коммуналдық шаруашылық мекемесін құрып, штат бірлігін қоса отырып, ауылдық округ әкіміне беру қажет деп есептейді. Оның айтуынша, бұл саладағы мемлекеттік сатып алу жүйесі тиімсіз болып тұр.
«Ауылға универсал трактор, өрт сөндіретін және вакум-ассенизатор және ауыр жүк көліктері ауадай қажет. Қазір ауыл округтерінде бір ғана трактордан бар, бірақ олар дизель отынымен қамтамасыз етілмеген. Тағы бір мәселе округте арнайы мамандар жоқ. Жерге шешім шығару, мемлекеттік сатып алу сияқты өзге де жағдайларда – заңгер, салық көздерін қалыптастыру үшін – салық маманы, көше жарығын, электр желілері мен трансформаторларды қарау үшін электрик штат бірліктері қажет», – деді ол.
Сондай-ақ, әкімдер ауыл аумағында орналасқан кен орындары мен уақытша жұмыс жасаушы компанияларға (мысалы, жол салушы) табыс салығын және қоршаған ортаны ластағаны үшін салынатын айыппұлдарды ауылдық округтің есеп шотына аудартуды сұрады. Бұл ауылды абаттандыру, көгалдандыру, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау сияқты көптеген мәселені жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік берер еді.
Сонымен қатар, әкімдер бұрынғы, бір көзден сатып алу мүмкіндігін қайтып беруді сұрайды. Ауылдық округ көлемінде 3 мың айлық есептік көрсеткіштен аспай жасалатын жұмыс пен қызметтер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 39-бабы 42-тармағында көрсетілген. Бірақ, бір көзден алу тәсілі осы Заңның 41-бабы 1-тармағымен шектелген. Бұл өз кезегінде жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамытуға және атқарылатын жұмыс пен қызметтердің уақытылы, сапалы орындалуына кедергі болып отыр.
Жиында көтерілген тағы бір мәселе әкімдердің мәртебесіне қатысты болды. Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылдық округінің әкімі Гүлшара Нәдірқызы бұл мәселені заңмен реттеу қажет деп есептейді.
«Қолында билігі мен қаржысы жоқ ауыл әкімдерінің сәт сайын кездесетін тұрғындар проблемасын түбегейлі шешуге еш қауқарсыз екені ауыр да болса шындық. Сондықтан, бұл мәселе арнайы заңда нақтылап көрсетілуі керек деп санаймыз. Бұл – тек менің ғана емес, ауылдық округ әкімдерінің ортақ ұсынысы», – деді Гүлшара Нәдірқызы жиынға қатысқан әріптестерінің ойын түйіндеп.
Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев мәселенің біртіндеп шешілетінін айтты.
«Жұмыс барысында кедергі көп екенін бүгінгі кездесу көрсетті. Партия жанынан арнайы топ құрып, айтылған барлық мәселені біртіндеп шешуге кірісеміз. Қалай болғанда да, сіздердің халық игілігі үшін тиімді жұмыс істеулеріңізге барлық мүмкіндікті жасаумыз керек», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!