«Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің арқасында жағымсыз салдарды азайтып, экономиканың даму қарқынын сипаттайтын бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамиканы қамтамасыз ете алдық. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 5 айында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 12,8%, ауыл шаруашылығында – 2,5% өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік саны 7,3% өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 62,5% өсті. 198 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29% артық», – деді Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдемесінде.
Гүлшара Әбдіқалықова пандемия қиындығына қарамастан бірнеше салаларда өсім бар екенін атап өтті. Қызылорда облысында жалға берілетін 945 пәтерлік – 54, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 үйдің құрылысы салынуда. Биыл облыс бойынша әлеуметтік осал топтарға арналған тағы 342 пәтер мемлекеттік бюджет есебінен жекеменшік иелерінен сатып алынады.
Брифингте аймақ басшысы өнім өндеу өнеркәсібінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Биыл Шалқия кен орнында тау-кен байыту фабрикасының және кальцийленген сода зауытының құрылысын бастау жоспарланды. Екі нысан арқылы өңірде 2239 адам жұмыспен қамтылады. Ал, индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында құны 543 миллиард теңгеден асатын 41 инвестициялық жоба жүзеге асты. Шамамен, бұл 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Отандық инвесторлармен бірге қызанақ өнімдерін өндіру, ет және жұмыртқа өндірісі бойынша құс фабрикасын салу жобалары, шетелдік компаниялармен бірлесіп тері мен жүнді өндеу қолға алынады. Сонымен бірге алдағы кезеңде инвесторлармен күріш сабанынан целлюлоза өндіретін кәсіпорын құру жоспарланған. Бұдан бөлек, халықаралық компаниямен чех технологиясын қолданып, сусындар мен шырындар шығару бағытында екіжақты келіссөздер жүргізілуде.
Брифингте өңірдің негізгі мәселесінің бірі – су деңгейінің тартылуына байланысты суды тиімді пайдаланудың жолдары айтылды.
«Қазір біз Сырдария бойындағы жыл сайынғы су жіберуді қамтамасыз етуге баса назар аударып отырмыз. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкімет Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар, біз ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егінді әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін түсінеміз. Сондықтан ылғалды қажет ететін дақылдардың, атап айтқанда, күріштің егіс алқаптарын төмендету бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте ылғал аз қажет ететін дақылдар – соя, жүгері, майлы және жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайтып жатырмыз, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаралар қабылдануда», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 58 млрд. теңгелік 76 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның 42-сі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Биыл соның 8,7 млрд. теңгелік 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жыл басынан бері егін шаруашылығында – 4, бал арасын өсіру – 2, мал шаруашылығында 2 жоба жүзеге асты.
Аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,9% көрсеткішінде ұстап тұр. Бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында жыл басынан бері 13,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 4000-нан астамы тұрақты жұмыс орны. Ал, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жыл басынан бері 468 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды.
Өткен жылы қабылданған 2023 жылға дейінгі экономикалық даму карта аясында кәсіпкерлікке 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 400 жоба ұсынылған. 2020 жылы 7 млрд. теңгені құрайтын 89 жоба іске асып, 1047 жұмыс орны құрылған. Биыл 14 млрд. теңгені құрайтын 96 жоба іске асырылып, нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, Карта шеңберінде 16 тойхана қызметін өзге бағытқа ауыстырған.
Сыр елінде облыс тұрғындарының 97%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілсе, 65%-ы табиғи газ пайдаланады. Жыл соңына дейін халықтың газ қолдану деңгейі 67,4%-ға дейін артады. Сондай-ақ, су, кәріз желілерін қайта жаңғырту және салу бойынша жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын жоба іске асады. Бұдан бөлек, 400 шақырым автомобиль жолдарын, көпір өткелдері мен көшелерді жөндеуге және салуға 17 миллиардтан астам теңге бөлінген.
Аймақ басшысы өңірде апатты мектептерді жою және жаңа мектептер салу бастамаларына тоқталды. Бүгінгі таңда өңірде осындай 3 мектеп бар. Оның біреуі іске қосылады, ал екіншісін салу жалғасады. Жыл басында анықталған тағы бір апатты мектеп бойынша қазіргі уақытта жобалық құжаттама әзірленуде.
Биыл 2600 орындық 6 мектеп, оның ішінде 800 орындық 2 жеке мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, 3750 орындық тағы 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Ал, 48 мектеп қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге 3 қосымша білім беру ұйымы мен 3 жатақхана құрылысы жүргізілуде. 47 балабақша мен 44 мектепте арнайы инклюзивті кабинеттер ашылады. Ал, өңірде ауыл балалары үшін 5 спорт кешені салынады. Бұдан бөлек, корпоративтік қордың қолдауымен тағы бір көпфункционалды спорт кешені бой көтереді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдағына орай, облыста 12 тақырыптық бағыт бойынша 266 түрлі форматтағы іс-шараларды қамтитын облыстық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген.
Атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130, КСРО Халық артисі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтары аталып өтіледі. Сонымен бірге, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына арналған республикалық айтыс, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына арналған жыраулар мен жыршылар байқауы өтеді. Бұдан бөлек, Бәбіш молла, Жанкент, Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеулер басталды.
Брифинг соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің сауалдарына жауап берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!