2025 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан экономикасының өсуі 6,4% құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Үкімет отырысында 2025 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

ҚР ҰЭМ деректері бойынша, басты көрсеткіш – ЖІӨ-нің өсімі, ол 6,4%-ға жеткен.

Президенттің сапалы дамуды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде ел экономикасы сенімді өсу қарқынын көрсетуде.

Негізгі драйверлер өсімі 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдеген өнеркәсіп пен 6,1%-ға ілгерілеген ауыл шаруашылығы болды. Тұрақты дамуды нақты экономиканың басқа секторлары да көрсетіп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға өсті, ал сауда 8,8%-ға артты.

«Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Біз базалық салаларда жеделдеу барын көріп отырмыз, бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындау және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды», –  деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Экономика тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Нақты сектордағы өсу 8,3%-ды құрады және қызмет көрсету өндірісінің 5,3%-ға өсуінен жоғары болып қалыптасты. Негізгі драйверлер – көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі. Сауда 8,8%-ға, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға өсті. Инвестициялар өсудің факторы болып қала беруде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3%-ға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8%-ға өсті.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, инвестициялардың ең жоғары өсуі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалуда. Қаржы қызметінде – 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9%-ға, білім беруде – 31,6%-ға, ақпарат және байланыста – 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7%-ға, көлік қызметтерінде   13,3%-ға өсу тіркелді.

Инвестициялардың ең көп өсуі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау және Қарағанды облыстарында тіркелді. Биылғы жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 64,6 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 23,3 млрд долларды құрады. Тауарлардың импорты – 51,7 млрд доллар.

2,9 млрд доллардан аса көлемде оң сауда балансы сақталады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,9%-ға өсті.

Өсу 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау облыстарында тіркелді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 11,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 15,2%-ға және электр жабдықтарын жасаудың 16,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 8,7%-ға, сусындар өндіру – 9,2%-ға, химия өнеркәсібі – 8,1%-ға, мұнай өңдеу өнімдері – 6,5%-ға, металл бұйымдары – 12,8%-ға, құрылыс материалдары  7,1%-ға ұлғайды.

Салалардағы инвестициялар мен өндіріс өсуінің негізгі факторларының бірі – «Бәйтерек» холдингі тарапынан басым бағыттарды қаржылық қолдаумен қамтамасыз ету. Биылғы жылдың 11 айында холдинг желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты.

Тау-кен өнеркәсібі 9,7%-ға ұлғайып, әлі де жоғары өсу қарқынын сақтап отыр. Бұл мұнай өндірудің 14,1%-ға, табиғи газ өндірудің 16,7%-ға және көмір өндірудің 9,7%-ға артуымен байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру 0,6%-ға қысқарды.

Құрылыста өсу қарқыны баяулады. Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 14,7%-ды құрады.

Құрылыстың өсуі 19 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары өсу Алматы, Астана қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда  және Түркістан облыстарында байқалды. Атырау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді.

16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,9%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қарағанды, Алматы, Қызылорда және Ұлытау облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығы маусымдық өсу кезеңіне енді. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 6,1%-ға артып, қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа жеделдеді.

Өсу өсімдік шаруашылығындағы көлемнің 7,6%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілді, бұл қолайлы ауа райы мен дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты. Екінші жыл қатарынан дәнді дақылдардың рекордтық өнімі қамтамасыз етілді. Өнім көлемі – шамамен 27 млн тонна. 1 млн тонна көлемде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемде майлы тұқымдардың рекордтық өнімі алынды.

Мақта жинау бойынша жоғары көрсеткіштер күтілуде. Жалпы, сала бойынша ең жоғары өсуді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті. Барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсу 12 өңірде тіркелді. Атырау облысында 3 көрсеткіш бойынша төмендеу бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!