Chocolife компаниясының негізін қалаушысы Рамиль Мухоряпов Алматыда «Көк мұхит стратегиясы» атты кітаптың тұсаукесеріне қатысты. Ол сол жерде қоғамда дау тудырған қазақ тіліне қатысты пікіріне жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Рамиль Мухоряпов –  аталған кітаптың шығуына үлес қосқан демеуші. 

«Бүгін сіздің осы кітаптың шығуына қосқан үлесіңізді көріп отырмыз. Сонда бұл соңғы жағдайлардан кейін қазақ қоғамына деген азаматтық көзқарасыңыздың өзгергенінің белгісі ме?» деген сауал қойылды тілші тарапынан.

Ол қазақ тілі туралы ешқашан жағымсыз пікір білдірмегенін, ал бұған дейін дау тудырған сөзі контекстен жұлынған деп жауап берді. 

«Ресейден босқын болып келген өнерлі жігіттердің командасы болды. Біз олармен кездесіп, Қазақстанда не үшін қалу керектігін түсіндірдік. Өйткені олар – «Яндекстің», «Сбербанктің» және біздің елімізге өте пайдалы болатын басқа да озық институттардың дарынды IT мамандары. Әлемнің кез келген елі талантты адамдарды өздерінде сақтап қалғысы келеді. Тіпті, соғыс үшін қашып келсе де, біз оларды ұстап қалуымыз керек», – дейді Рамиль Мухоряпов.

Ол Ресейден келген азаматтарды керемет мемлекетіміз бар екенін және ешқайда барудың қажеті жоқ екенін түсіндіру үшін жинадық деп отыр. Өйткені олар үшін Қазақстан транзиттік ел сияқты болды дейді. Сосын Түркия, БАӘ елдеріне кетуді көздеген. 

«Сол кезде менен «Егер орыс тілін біліп тұрып, әдейі қазақша жауап берсе, бұл дұрыс па?» деп сұрады. Мен бұл дұрыс емес деп айттым. Қонақжайлыққа жатпайтынын жеткіздім.  Әрине, әркімнің өз ұстанымына, өзіне сай жауап беруге құқығы бар. Бірақ бұл маған жақын позиция емес шығар. Мен адамдарды ренжіткенімді түсінемін, өйткені сөйлем контекстен жұлынып алынды», – дейді кәсіпкер. 

Ол «Қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік» деп айтқысы келмегенін де тілге тиек етті. Бұл жалған деп отыр.
Сондай-ақ, ол өзінің қаншалықты қазақ екенін, тіл үйренуге деген көзқарасын айтты.

«Мен өзім Қазақстанда дүние есігін аштым. Бала күнімнен осында тұрамын. Тек Ресейге оқуға барып келдім. Анам – қазақ. ДНК бойынша қанымның 30 пайызы қазақтікі. Сондықтан бұл тұрғыда менің ұстанымым ешқашан өзгерген емес.

Мен қазақ тілін өзім үйренгім келеді, мұнымен өзім айналысып жатырмын. Балаларымның да қазақ тілін білгенін қалаймын, олар да үйреніп жатыр. Менің мақсатым – күзде мінсіз сөйлейтін жағдайға жету. Мен көзқарастарымды қайта қарадым дей алмаймын. Мен әрқашан ұлтжанды болғанмын», – дейді Рамиль Мухоряпов.

Айта кетейік, былтыр күзде Chocofamily Holding компаниясының иесі Рамиль Мухоряпов Ресейден Қазақстанға көшіп келгендермен кездесу барысында қазақ тілінде жауап қату мәдениетсіздік екенін айтып, көпшіліктің ашуын туғызған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!