Kyzylorda-news.kz. 9 мамыр өзге де ТМД елдері сияқты Қазақстанда да Жеңіс күні ретінде аталып өтеді. Өйткені, осыдан 76 жыл бұрын КСРО үшін екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Германия әскері КСРО аумағына шабуыл жасаған 1941 жылдың 22 маусымы ТМД елдерінің ресми тарихында 4 жылға созылған алапат соғыстың басталған күні болып есептеледі. Кез келген соғыстың экономиканы ондаған жылдарға артқа шегеріп, ұлттың тұрмыс сапасы мен демографиялық әлеуетін тежейтіні тарихтан белгілі. Сондықтан соғыстың біткені туралы хабарды «қара қағаздар» мен қалыптан тыс азапты жұмыстан титықтаған халықтың «жеңіс» деп қабылауы заңды еді.
КСРО үшін жеңісті жақындатуға одақ құрамындағы Қазақ КСР-ның қосқан үлесі зор. 1939 жылы одақ көлемінде жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұратын еді. 4 жылда қазақ даласынан 1 миллион 200 мың майданға аттанып, оның 601 мыңы қайтып оралған жоқ.
100 мыңнан астам қазақстандық соғыстағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі орден-медальдермен марапатталды. Оның ішінде 99 майдангер Кеңес Одағының Батыры және Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атақтарын иеленді.
«Совет-герман соғысы кезінде жауға атылған 10 оқтың тоғызы Шымкенттегі қорғасын зауытында құйылды» деп келетін қанатты сөз бар. Соғыс жылдарында Қазақстан жалпы одақ бойынша мыс құймасының 30%-ын, марганец кенінің 60%-ын, мыс кенінің 50%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл кендерінің 70%-ын, мырыш өнімінің 85%-ын өндірді.
Соғыс жылдарындағы ресми статистикаға сүйенсек, шайқасқа жарамсыз бала-шаға мен қариялардың, жарымжандар мен әйелдердің тылдағы еңбегінің арқасында Қазақстан майданға 500 мың тоннадан астам астық, 230 мың тоннадан астам картоп пен көкөніс, 250 мың тоннадан астам ет, 300 мың тоннадан астам сүт, 1,7 млн тонна жүн, 2,5 млн дана жылы киім жіберді. Ұрысқа деп 110 мыңнан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға деп 500 мыңнан астам мал жөнелткен. Тылдағы қазақстандықтардың қалтасынан 1941-1945 жылдары соғыс техникаларын жасауға 480,3 миллион рубль жинап алынды.
1941-44 жылдары республикаға 300 мыңнан астам алман ұлтының өкілі, 45 500 қарашай, 406 000 шешен мен ингуш, 21,150 балқар, 2 200 қалмақ, 4 500 қырым татарлары, 27 600 месхет түріктері және басқа да ұлт өкілдері жер аударылды.
1949 жылы КСРО бойынша кезекті санақ жүргізілуі керек болатын. Бірақ билік оны тағы 10 жылға шегерді. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғысты 6,2 млн адаммен қарсы алған Қазақстан қанша адаммен аяқтағаны туралы нақты дерек жоқ деуге болады.
1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер бар. Биыл Жеңіс күні қарсаңында оларға 1 млн теңгеден өтемақы берілді.
Сондай-ақ, мемлекет Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға ай сайын 182 851 теңге, Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектері үшін ай сайын 188 051 теңге зейнетақы төлейді.
Қазақстанның соғыс ардагерлеріне беріп отырған өтемақылары көрші елдердің бәрінен жоғары.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!