Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты. Саммитке Қазақстан Президентімен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов, сондай-ақ, ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнін­де пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2020 жыл­ғы басым бағыттарының іске асырылуы қоры­тындыланып, алдағы жоспары нақ­тыланды.

Террорлық сипаттағы заманауи сын-қатерлер мен тегеуріндерге қарсы іс-қимылдар және олармен күресуге бағытталған нақты шараларға, есірткінің заңсыз айналымына, кибер қауіпсіздік саласындағы бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Саммит қатысу­шыларының алдында сөйлеген сөзінде шараны ұйымдастырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, ҰҚШҰ-ға төрағалық етудегі Ресей тарапының жоғары кәсібилігін және бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды 2021 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндетін қабылдап алуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қарым-қатынастардағы мүдделер қайшы­лығының шиеленісе түсуімен сипатталатын өңірлік және жаһандық қауіпсіздік саласындағы қазіргі ахуал туралы айта келе, Таулы Қарабақтағы әскери қимылдардың тоқтатылуына себепші болған Ресей Президенті Владимир Путиннің бітімгершілік рөлін жоғары бағалады.

– Ресей тарапының белсенді қатысуымен қол жеткізілген келісім –  дағдарыс кезінде қабылданған жалғыз әрі дұрыс шешім. Менің ойымша, аталған келісім өңірде бейбітшіліктің ұзақ мерзімге орнауына себепші болмақ. Бұл – шын мәнінде тарихи шешім, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, коронавирус пандемиясының салдарынан туындап, әлемдік саясат пен экономикада жалғасып келе жатқан ауыр жағдай өзара салынған санкциялардың, шектеулер мен сау­да соғыстарының себебінен ушыға түсуде. Экстремизм мен терроризм, есірткі бизнесі, кибер қауіпсіздік, заңсыз миграциямен байланысты жаңа жаһандық сын-қатерлер мен тегеуріндердің күшейе түсуі алаңдаушылық тудыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мұндай жағдайда бейбітшілікті нығайту, барлық аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекетаралық іс-қимылдардың нақты тетігі ретінде ҰҚШҰ-ның рөлі артып келеді.

Қазақстан Президенті Саммит қатысушыларына елімізде алдағы уақытта болатын Парламент сайлауы, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан бірқатар демократиялық реформалар жөнінде  айтты. Сонымен қатар сайлау кезінде елімізге ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерден, сондай-ақ, ТМД және ҰҚШҰ Парламенті ассамблеяларынан бақылаушылар күтетінін жеткізді. 

Мемлекет басшысы Ұйымды одан әрі дамытуға, сондай-ақ, жаңа институт құруға, Бітімгерлік мәселелері бойынша ҰҚШҰ Бас хатшысының арнайы өкілін тағайындауға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, ҰҚШҰ жұмысына атсалысу – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы халықаралық саясаттағы елеулі фактордың бірі екені және Еуразия құрлығының басым бөлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оң рөл атқаратыны қуантады. Біз бұрынғыдай бейбітшілікті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтарымыздың өсіп-өркендеуі үшін тиімді шешімдерді іздестіру жолында әріптестерімізбен одан әрі белсенді түрде өзара күш жұмылдыруға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын және әділ әрі орнықты әлем құру жөнінде Саяси мәлімдеме қабылдады.

Сессия барысында қабылданған құжаттар ҰҚШҰ қызметінің өзекті салаларын одан әрі нығайтуға бағытталады, сондай-ақ, Ұйымның ашықтығын, басқа мемлекеттермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін көрсетеді.

Ұйымға төрағалық ету міндеті Ресейден Тәжікстанға өтті. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі сессиясы 2021 жылы Тәжікстанның аумағында болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!