Фото: sputnik.kz

Ақтөбенің бұрынғы әкімі Ермек Имантаевты қылмыстық қудалаудан құтқарамын деп компаниядағы үлесі мен ақша алған Н.Балтаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Kazinform. 

№2 Ақтөбе қалалық сотында бүгін Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылған Нұрлан Балтаевқа үкім шықты. Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаевты алдап кеткен Балтаев сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сот тараптардың пікірін тыңдап, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімі Қылмыстық процестік кодекстің талаптарына сәйкес келеді деген қорытындыға келді. Сот Н.Балтаевты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, ЖШС жарғылық капиталындағы үлесінің 70% мемлекет пайдасына тәркілеу жазасын тағайындады. Іс бойынша талап қойылған жоқ», – деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбенің бұрынғы әкімі Ермек Имантаев пен сотталушы Нұрлан Балтаев 2007 жылы танысып, бір-бірімен араласып тұрған. Қылмыстық іс қозғалған кезде қайта кездесіп, Балтаев жазадан құтқарып қалуға уәде беріп, ақысына 100 млн теңге сұрады. Ермек Имантаев сенім артып, ақша және «Капитал инвестмент групп» ЖШС-нің 70% үлесін қоса есептегенде шамамен 229 млн теңгеден астам қаржы берді. Сотталушы сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде кінәні мойындап, процестік келісім жасалды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!