Біздің ел әлем елдері сияқты, жаһандық пандемияға тап болды. Осы жағдайға бейімделуге, ерекше және бұрын пайдаланылмаған шешімдерді іздеуге мәжбүр. Биыл әлемнің едәуір бөлігі карантинде болғанда, цифрлық қызметтер ерекше маңызға ие екенін түсінді. Нәтижесінде қашықтан білім беруді қамтамасыз ету және қашықтан жұмыс істеу, онлайн қызметтер мен сервистер көрсету, интернет сапасын арттыру бойынша жобалар іске асырылды. Бүгінде цифрландыру экономика дамуының негізгі трендіне айналды. Цифрлық технологияларды дамыту бүкіл еуразиялық экономикалық кеңістіктің басымдығы ретінде аталған.

         Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірленді, ол республикадағы технологиялардың қарқынды өсуінің және қызмет көрсетудің электрондық форматына қайта бағдарланудың негізі болуға тиіс. Тұжырымдаманы әзірлеушілер атап өткендей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты экономиканың даму қарқынын жеделдету және орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ экономиканың ұзақ мерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа траекториясына көшуі үшін жағдай жасау».

Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен есептелген АКТ дамуының негізгі әлемдік рейтингінде еліміздің АКТ-ны дамыту индексі – 2016 жылы 175-тен 52-орынға ие болды. Бағдарламаны және басқа да стратегиялық бағыттарды іске асыру нәтижесінде ел рейтингте 2022 жылға қарай 30-ыншы орынға, 2025 жылға қарай 25-інші орынға және 2050 жылға қарай 15-інші орынға көтеріледі деп болжануда. Сондай-ақ Қазақстан цифрландырудың ағымдағы деңгейі тұрғысынан The Boston Consulting Group халықаралық консалтингтік компаниясының e-intensity рейтингісіне жетуші ел болып саналады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында коронавирус мәселелері бойынша облыс тұрғындарынан келіп түсетін шақыруды жедел өңдеу үшін 400-100 call-орталығы құрылды, оның құрамында денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ішкі саясат, ТКШ, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі, әлеуметтік сала және полиция департаментінің өкілдері бекітілген. Карантин кезеңінде 10 мыңнан астам қоңырау түсті. Өңірдің коронавирустық жағдайы бойынша жедел өзекті ақпарат, күнделікті статистика, брифинг материалдары, нормативтік-құқықтық актілер, жедел желі телефондары, жадынамалар мен жаңалықтар орналастырылған «400-100.kz» сайты іске қосылды. Сондай-ақ «109 – бірыңғай байланыс орталығы» және «112 – бірыңғай кезекшілік – диспетчерлік қызмет» қызметтерінің жұмысы күшейтілді. Пандемия кезеңінде 112-ге 341 422 қоңырау және 109-ға  55 320 өтініш түсті.

         Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуге келетін болсақ, жергілікті атқарушы органдар көрсететін 172 қызметтің 124-і электрондық түрде қолжетімді. Карантин кезінде облыс тұрғындарының көпшілігі онлайн форматта әлеуметтік жәрдемақылар рәсімдеп, электронды үкімет ресурсын пайдалану тәжірибесі мен дағдысына «цифрлық серпіліс» жасады. Карантин кезінде халықтың қауіпсіздігі үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз саласында 12 қызметті автоматтандырды. Электрондық қызметтерді өз бетінше алу мақсатында облыс тұрғындары үшін өзіне-өзі қызмет көрсететін 658 пункт арнайы ашылды. Сондай-ақ карантин кезінде мемлекеттік корпорацияның жаңа форматқа көшуін ескере отырып, облыс орталығында Мемлекеттік корпорация өкілдерімен және волонтерлармен қосымша 7 «Өзіне-өзі қызмет көрсету пункті» жұмыс істеді. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдарымен барлығы 2 504 044 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұған дейін облыстық IT парк базасында іске асырылған жобалар пандемия кезінде өте пайдалы болды.

Табиғат пайдаланушылардың тоқсан сайынғы есептерін автоматтандыру бойынша әзірленген «emission.orda.gov.kz»  платформасы  есептерді тапсыру үшін облыстық орталыққа келу уақыты мен іссапар шығындарын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелін де, инфекцияның таралуын да болдырмады. Сондай-ақ Қызылорда облысының IT парк бағдарламашылары азық-түлік өнімінің онлайн-тапсырысы бойынша «uigeal.orda.gov.kz.» платформасын іске асырды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасына мониторинг жүргізу үшін «szp.orda.gov.kz» интернет-ресурсы құрылды, онда апта сайын азық-түлік тауарларының бағасы жаңартылды.

         Білім беру саласы бойынша облыстың орта мектептерінде бейнебақылау жүйесін орнату жобасы, жол қауіпсіздігі бойынша  «Аркан» стационарлық жылдамдық өлшегіштерін орнату, денсаулық сақтау саласы бойынша DICOM бейнесін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу, қоғамдық көлікте электрондық билеттеуді енгізу жобаларын жеке атап өткім келеді. Жыл соңына дейін өңірлік геоақпараттық жүйенің І кезеңі енгізіледі, онда облыс бойынша бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік желілер және т.б. қамтылатын болады. Сәулет және жер қатынастары салаларында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қамтылады. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша 230 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 170 АЕМ кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген, бұл 74%-ды құрайды. Биыл халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендер басымдыққа ие.

Жыл соңына дейін 23 базалық станцияның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл облыстың барлық елді мекендерінің 80%-н интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тағы бір айта кететін тақырып, жалпы IT-стартап индустриясын дамыту және әсіресе өңірлік IT-паркті дамыту. Бүгінгі таңда  IT-паркте 13 резидент жұмыс істейді. 2021 жылы IT паркті кеңейту жоспарлануда. Жақында біздің IT парк Астана Hub халықаралық IT стартаптар технопаркінің аймақтық серіктесіне айналды. Оның аясында біздің өңірде ұзақтығы 6 апта болатын стартаптарды инкубациялау бағдарламасы басталды. Бұл біздің таланттарымыздың жобалары мен идеяларын қолдау, дамыту және нарыққа шығару үшін тамаша мүмкіндік. Сондай-ақ біздің резидент Өңірлік экожүйені дамыту үшін арнайы оқыту бағдарламаларынан өтетін Astana Hub өңірлік агенттерін іріктеуге қатысады.

Сәбит ИБАДУЛЛА,

 «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!