Өткен айда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға көтергені белгілі. Бұл – банктер салымшыларға да салыстырмалы түрде жоғары пайыз ұсынады деген сөз. Демек, қазір Қазақстанда ақшаны депозитте сақтау тиімді. Дегенмен кейбір қазақстандықтар жинағын алтын күйінде сақтауды жөн көреді. Оның себебі неде? Ақшаны алтынмен сақтаудың артықшылығы қандай? Алтынды қайдан сатып алған дұрыс? Бұл сұрақтарды мамандар көмегімен зерттеп көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Алтын бағасы доллармен бірге өсіп келеді”

Алтын Қазақстанда дағдарысқа төзімді, инфляциядан қорғайтын қауіпсіз актив ретінде қарастырылады.

Базалық мөлшерлеме жоғары болса да, адамдар банктің тұрақтылығына, ұлттық валютаның құбылмалығына толық сенбегендіктен, жалпы ұзақ жылдар мынау мәдени-экономикалық, дәстүрлік саясатқа байланысты алтынды қатты ақша деп қабылдайды. Сонымен қатар теңге девальвациясы да кезең-кезеңмен қайталанып отырғанына байланысты алтын бағасы әдетте доллармен бірге өсіп отыратындығымен қызықты, – деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Экономист Сапарбай Жобаев та алтын бағасы доллармен бірге өсіп келе жатқанын уақыт көрсетіп отырғанын айтты.

Мәселен, 80-90 жылдарда алтынның унциясы, 31,1 грамы, 300 доллар болғанда бәріміз “ой, алтын қымбат болып кетіпті” деп айтқанымыз есімде. Ал қазір унциясы 3500-4000 доллар болып тұр. Ол бізге қалыпты жағдай сияқты, – деді ол.

Мамандар физикалық алтынға психологиялық сенім де жоғары болатынын жеткізді. Сондай-ақ алтынды сақтауға қаржылық сауаттылықтың да қажеті жоқ.

Акция, облигациялар күрделі ғой. Оған жұмыс істеу үшін қаржылық сауаттылық керек. Қайсының акциясы көтеріліп, қайсынікі түсіп жатқанын қарау керек. Ал алтын ежелден, адамзат тарихы 5 мың жыл десек, сол 5 мың жылдан бері ең сенімді актив, өз бағасын жоғалтпай келе жатыр, – деді Сапарбай Жобаев.

Жинақты алтын түрінде сақтаудың себептері

Бауыржан Ысқақтың сөзінше, алтын таңдаудың басты экономикалық себептері – инфляция мен валюталық тәуекелдерден қорғану.

Алтын ұзақ мерзімде сатып алу қабілетін сақтайды. Теңге әлсіреген кезде алтынның ұлттық валютадағы бағасы автоматты түрде өседі. Әлемдік сұраныстың тұрақтылығы мен орталық банктердің алтын сатып алуы да бағаның жоғары болуына әсер етеді, – дейді маман.

Сонымен қатар, бұл – диверсификация құралы, яғни инвестициялық портфельдің тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.

Ақшасы көп қазақстандықтардың депозитте де, акцияда да, бизнесте де ақшасы бар. Бірақ алтынға салып қойса, алтынның бағасы шарықтаған кезінде оның байлығы көбейеді. Сондықтан алтын құймаларын негізінен дәулетті қазақстандықтар сатып алып жатыр, – деді Сапарбай Жобаев.

Депозит пе, алтын ба?

Экономист Бауыржан Ысқақ нақты бір нұсқаны таңдауды қиын деп санайды.

Депозит пен алтынның қызметі екітүрлі. Депозит – қысқа мерзімді және болжамды табыс көзі, оның жылдық мөлшерлемесі шамамен 13-18 пайыз. Ал алтын ұзақ мерзімде тиімді, себебі ол инфляция мен девальвациядан қорғайды, бірақ тәуекелі де жоғары, – дейді ол.

Сарапшы инвестицияны бөліп салуды ұсынады.

Мысалы, 50-60 пайызын депозитке, 20 пайызын алтынға, қалғанын облигация сияқты басқа құралдарға бөлуге болады, – дейді ол.

Алтынға инвестициялаудағы тәуекелдер

Экономист Сапарбай Жобаев инвестиция ретінде алтынды таңдаудың бірнеше қауіп-қатері барына назар аударады:

  • Бағаның құбылмалығы: қысқа мерзімде алтын бағасы төмендеуі мүмкін;
  • Сатып алу мен сату шығындары: физикалық алтынды сатқанда 3-8% шығын болуы ықтимал;
  • Сапасыз өнім алу қаупі;
  • Сақтау шығындары мен қауіпсіздік мәселесі;
  • Тұрақты табыстың болмауы.

Көп азаматтар алтынды зергерлік дүкендерден сатып алып, оны актив ретінде көреді. Бұл дұрыс емес. Өйткені кейін оны сату кезінде баға төмен болады. Алтын құймаларын банктерден арнайы сертификатпен сатып алып, сонда сақтаған дұрыс, – дейді сарапшы.

Алтынды банк арқылы алу тиімді

Алтынды инвестиция ретінде қарастырғанда, оны банктер арқылы сатып алған жөн. Мысалы, он грамм алтынды банк бағамымен сатып алсаңыз, ол сертификатталып, қауіпсіз түрде сақталады. Кейін бағасы өссе, сол банктің өзіне қайта сату мүмкіндігі бар, – дейді Бауыржан Ысқақ.

Бұл тәсіл арқылы инвесторлар:

  1. Жасанды алтын алу қаупінен құтылады;
  2. Сақтауды банктің өзіне тапсырады;
  3. Болашақта бағасы өскенде табыс табу мүмкіндігіне ие болады.

Банктегі алтын құймаларды сатып алу арқылы біз көптеген тәуекелдерден айрыламыз. Ол – қауіпсіз әрі ұзақ мерзімді табысқа жол ашатын тәсіл, – деп түйіндеді экономист.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!