Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин 2025 жылға дейін қазақстандықтардың сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтылатынына сенімсіздік білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Ол Президент 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында 2025 жылы халықтың сапалы ауыз суға қол жетімділігін 100% жеткізуді тапсырғанын еске салды.
“Биыл 1 желтоқсандағы жағдай бойынша әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, бөлінген 185 млрд теңгенің 153 млрд теңгесі игерілді. 127 ауылды орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жоспарланған болса, іс жүзінде 97 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету күтілуде, себебі 30 ауылда жоспар орындалмайды деп болжанып отыр. Бүгінгі күнге дейін іздестіру-барлау жұмыстары орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланған 37 ауылда жүргізілмеген”, – деді Мәжіліс депутаты Аманғали Бердалин.
Депутат алдағы 3 жылда қазақстандықтардың сапалы ауыз сумен толық қамтылатынына сенімсіздік білдірді.
“Іздестіру-барлау жұмыстары орта есеппен екі жылға жуық жүргізілетінін, сондай-ақ осы өңірлер бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдеріне ескерсек, 2025 жылы сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қол жеткізілмейді деген қауіп бар. Құрылысы жоспарланып отырған 164 ауылда жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді 2023 жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Қазіргі уақытта 62 ауыл бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатса, 102 ауыл бойынша аталған жұмыстар басталмаған”, – деді Мәжілістің жалпы отырысында Аманғали Бердалин.
Депутаттың сөзінше, 101 ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесін салынуынан ауыл халқы құдық суын тұтынудан бас тартып жатыр.
“Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен әкімдіктерге аталған ауылдар бойынша халық пайдаланып отырған ауыз судың сапасын анықтау мақсатында тиісті тапсырма беріліп, барлық ауыл тұрғындардың қатысуымен жиналыс өткізіліп, хаттама жасап нақтылаған жөн. Осыған байланысты, қалыптасқан жағдайды түзету бойынша келесі қадамдарды қарастыруды ұсынамын:
– Жергілікті атқарушы органдар халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін іздестіру-барлау жұмыстарын аяқтау;
– 2023 жылдың соңына дейін жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеу;
– Халқы аз ауылдарда жергілікті бюджет есебінен кешенді блок-модульдер орнатуды жеделдету;
– Ағымдағы жылы бөлінген қаражаттың толық әрі сапалы игерілуін қамтамасыз ету;
– Ауыл тұрғындары арасында қазіргі уақытта орнатылған
блок-модульдердің қажеттілігіне талдау жүргізу қажет”, – деді депутат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!