KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елдегі автокөлік паркін жаңартуға қатысты түсінік берді.
Осы уақытқа дейін елдегі автокөліктер саны 5,9 млн-ды құрады: 399,5 мыңы – 3 жылға дейінгі, 1 миллионы – 3-7 жыл аралығындағы, 606,6 мыңы – 7-10 жыл аралығындағы, 1,4 миллионы – 10-20 жыл аралығындағы, 2,4 миллионы 20 жылдан асқан автокөліктер. Бұл өз кезегінде Қазақстанда қолданыстағы автопаркті жаңартуға үлкен мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, алда Қазақстандағы автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту қарастырылып отыр. 2024 жылдан 2025 жылға дейін сатылым көлемі 15 пайызға өсті. Атап айтқанда, 2025 жылы 234,9 мың автокөлік сатылған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 205,1 мың болған, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
2025 жылы Қазақстанда екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды. Бұл ретте Алматыда Chery, Haval, Changan брендтері шығарылатын мультибрендті зауыт және Қостанайда орналасқан Kia Qazaqstan зауыты өндірісті бастады. «KIA Qazaqstan» – жылдық қуаты 70 мыңға дейін автомобиль шығаратын, ұсақ торапты өндіріс әдісімен жұмыс істейтін зауыт.
«Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» – CHERY, CHANGAN, GREAT WALL MOTOR (HAVAL, Tank брендтері) автомобильдерін ұсақ торапты өндіріс әдісімен шығаратын мультибрендті зауыт, жылдық қуаты шамамен 120 мың. Былтыр қыркүйектен бастап сериялық өндіріс іске қосылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
