Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Осыған орай, еліміздің барлық өңірінде жұмысшы мамандықтарды насихаттау, еңбек адамын қолдау және жұмысшы кәсібінің мәртебесін арттыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынды.

Сыр өңірінде де «Жұмысшы мамандықтар жылын» мазмұнды әрі жүйелі өткізу мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, түрлі жобалар жүзеге асырылуда.

Қызылордада «Жұмысшы жас мамандар слеті» өтіп, еліміздің әр аумағындағы жұмысшы жастар бас қосты. Ауқымды жиынға еліміздің бірнеше өңірінен, сондай-ақ аудандар мен қалалардан 100-ден астам жұмысшы жас маман арнайы қатысты.

Пленарлық отырыс барысында сала мамандары еңбек нарығы, жұмысшы мамандықтардың болашағы мен жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары жайында мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес
өңірдегі еңбек нарығында 334,8 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 52,2%-ы – жұмысшы мамандықтар.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылында» атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген қағида бар. Мемлекет басшысының бұл бастамасын әсіресе, жастар қауымы ерекше ықыласпен қарсы алды. Республика көлемінде түрлі форматта шаралар ұйымдастырылып, жастарды қолдауға бағытталған игі бастамалар қолға алынуда. Қазір өңірде 28 колледж бар. Оның 19-да 45 мамандық, 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярланып, жалпы 20341 студенттің 4890-ы жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда. Осы жылы 2 колледж базасында тігін цехы ашылды.

Халықаралық байланысты дамытуда колледждер Түркия, Қырғызстан, Германия, Ресей, Латвия, Өзбекстан, Польша мемлекеттерінің 7 халықаралық, 98 республикалық және 56 аймақтық оқу орындарымен 161 ынтымақтастық меморандумына қол қойды. «Мансап компасы» платформасы арқылы 3000 оқушыға кәсіби бағдар берілді, 20 мың оқушыға кәсіпорын базаларына экскурсиялар ұйымдастырылып, 40 мектеп базасында бейінді сыныптар ашылды.

Өңірімізде ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Атап өту керек, аймақта 1500 оқушының қатысуымен «Jas Skills», «Junior Skills» шеберлік конкурстары өткізілген. Колледждер базасында 3000 кәсіпорын мен бизнес өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мен ашық есік күндері ұйымдастырылды. «Бизнес стартап» орталығы арқылы 150 студенттің кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру шаралары жүзеге асырылған.

Сондай-ақ «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында мамандықтар «Атласы» әзірленген.

Қызылорда облысында жұмысшы мамандықтарын игерген жастарға «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Даму» мемлекеттік бағдарламалары аясында түрлі гранттар ұсынылып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілген. Жиында «Жастар» ғылыми- зерттеу орталығының Жастар ресурстық орталықтарын әдістемелік қамсыздандыру басқармасының басшысы Торғын Қайдарова жүргізілген зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

– Жастардың жұмысқа орналасу мәселесі – жастардың өздері мемлекеттен шешім та- буды талап ететін негізгі үш мәселенің қатарында. Бүгінде жастардың жұмыспен қамтылуы тек әлеуметтік мәселе емес, елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін мемлекеттік стратегиялық басым бағыттардың бірі.

Біз жастарды жұмыспен қамту саласында кәсіби түсінуді қажет ететін бірнеше тұрақты үрдістерді талдап көрдік.

Жастар жұмысқа орналасудың түрлі форматтарын қолдануда. Зерттеуге қатысқан, сауалнамдан өткен жастардың 42%-ы тұрақты жұмыс істегісі келеді, бірақ көбі икемді жұмыс, қашықтан жұмыс немесе фриланс сияқты еркін жұмыс түрлерін өздері үшін ыңғайлы деп санайды. Бұл олардың жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдік іздейтінін көрсетеді. 14,5%-ы әлі жұмыс түрін таңдамаған, бұл оларға мамандық таңдауда көмек қажет екенін білдіреді.

«Жұмысшы мамандықтар жылында» біз осы салаға ерекше назар аудардық. Респонденттердің 44%-ға жуығы жұмысшы мамандықтар өз сұранысын сақтайды деп есептейді, ал 19%-ы олардың маңыздылығы артады деп күтуде. Яғни автоматтандыру трендтеріне қарамастан, қолданбалы еңбек маңыздылығы мойындалуда. Алайда сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірі технологиялық өзгерістерге байланысты жұмысшы мамандықтарға сұраныстың төмендеуі мүмкін екенін атап өтті, – деді Торғын Қайдарова.

Сондай-ақ жастар еңбек нарығындағы жағдайды жақсы түсінетінін, мүмкіндіктер мен шектеулерді дұрыс бағалайтынын, сонымен қатар дамуға, икемділікке және өзін-өзі көрсетуге ұмтылатынын атап өтті.

Слет жұмысы барысында жастар «Қызылорда облысының жұмысшы жас мамандарының ассоциациясын» құру бастамасын көтерді. Бұл бастама өзге өңірлерден келген қатысушыларды да қанаттандырып, зор қолдауға ие болды.

Жиын соңында еліміздің және аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан жастар аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды. Шара барысында жігерлі әрі еңбекқор жастардың көп екені қуантты. Мақсаты айқын сала мамандарының іскер әрі жауапкершілігі мол екені байқалды.

Мұнан кейін слетке қатысушылар өңірдегі өндіріс орындарын аралап, оқу орындарының заманауи материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жастар «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытына, Бесарық ауылындағы өндірістік нысандарға, «Qaysar Arena» стадионы мен Оқушылар сарайына, сондай-ақ Теннис орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, музыкалық колледж, «Анаға тағзым», «Өнер» және «Отбасы» орталықтарына барды. Сонымен қатар С.Ықсанов атындағы құрылыс және бизнес, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
политехникалық колледждерінің оқу-өндірістік мүмкіндіктері мен жабдықталу деңгейін көріп, ондағы білім беру үрдісімен танысты.

Ал келесі күні слет қатысушылары Байқоңыр қаласына арнайы сапармен барып, әлемге әйгілі ғарыш айлағы мен тарихи музейлерді аралады.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!