Қазақстандықтар жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді проактивті түрде рәсімдей алады деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты. Ведомство мәліметінше, енді жұмыс берушілер қажетті мәліметті электрондық еңбек биржасының порталы арқылы беруге тиіс. Осылайша жүктілігіне байланысты демалысқа шығатын әйелдер халыққа қызмет көрсету орталығында құжат тапсырмайды. «Осы жылдың мамырынан бастап электрондық еңбек биржасында Қазақстанның жұмыс берушілері үшін жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік демалыстарды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркеу мүмкіндігі берілді. Осының арқасында демалысқа шыққан қызметкерлерге тиісті әлеуметтік төлемді тағайындауды өтініш берушінің қатысуынсыз проактивті форматта жүзеге асыруға болады», – делінген министрліктің хабарламасында. Ол үшін жұмыс беруші жұмыскердің демалысқа шығу фактісін электрондық еңбек биржа порталындағы жеке кабинетте тіркеуі керек. Деректер еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жіберіледі, одан сұрау салу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» беріледі. Көрсетілетін қызметті алушыға SMS-хабарлама арқылы проактивті форматта әлеуметтік төлем тағайындауға келісімін алу бойынша сұрау түседі. Оған үш күн ішінде жауап беру тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!