1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға өседі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкенттегі кездесуде айтты.
«Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ға артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артатынын атап өткім келеді», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, елімізде кино өндірісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жүзеге асырылып жатыр, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Бұл бірлестік биыл көрермендерге 10 пилоттық жоба ұсынады. Рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен кинокартиналарды қазақ тіліне дубляждауға қаражат бөлінеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!