Қазақстанда мал саны артып келеді. Алайда халық етті арзандап емес, керісінше қымбаттап жатқанын сезінуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі LS-ке берген ресми жауабында бұған малдың азаюы емес, өндірістік шығындардың шарықтауы себеп екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Негізгі себеп – шығындардың қымбаттауы
Министрліктің мәліметінше, ет бағасына электр қуаты, дизель отыны, газ, су мен жылу тарифтерінің өсуі тікелей әсер еткен. Сонымен қатар, жем-шөп пен жанармай да қымбаттап отыр.
Мал саны азайған жоқ
2025 жылдың алғашқы алты айында ірі қара саны 8,3%-ға өсіп, 8,8 млн басқа жеткен. Қой – 21,5 млн (+0,8%), жылқы – 4,7 млн (+4,7%), түйе – 301 мың (+4,5%), құс – 47,7 млн (+2,7%). Ет өндірісі де артқан: биылғы сойыс салмағы 529 мың тонна, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5%-ға көп.
Шектеу енгізілді
Биыл 1 мамырдан бастап 30 қазанға дейін аналық мал мен бұқаларды шетелге шығаруға уақытша тыйым салынды. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алу үшін жасалған.
Мемлекеттік қолдау
Министрлік мал шаруашылығын дамытуға түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр:
асыл тұқымды малға жеңілдетілген несие,
бордақылау алаңдарына инвестицияның 25%-ын өтеу,
фермерлерге 5%-дан басталатын арзан несие,
“Ветмобайл” пен “Төрт түлік” мобильді қосымшалары арқылы процестерді жеделдету.
Мамандардың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар өндіріс көлемін ұлғайтып, инфляциядан жоғары баға өсуіне жол бермеуі тиіс. Алайда қазіргі таңда ет бағасының қымбаттауына ең басты кедергі – жем-шөп, жанармай және коммуналдық шығындардың өсуі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!