BAQ.KZ. Тамыз айы қарбаласқа толы кезең, әсіресе ата-аналар үшін. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын оқушыларға қажет құрал-жабдықтардың тізімі ұзара береді: дәптер мен қаламнан бастап, мектеп формасы мен сөмкеге дейін. Бағалар да жыл сайын қымбаттап барады. Енді санаулы күндерден кейін сабақ басталмақ, ал ата-аналар балаларын мектепке дайындаумен әлек.
Жаңа оқу жылына дайындық қаншаға түсетінін білу үшін BAQ.KZ тілшілері елорданың Шанхай базарына арнайы барды.
Біз жақында өртеніп кеткен BIG Шанхай базары маңындағы жәрмеңкеде болдық. Мұнда дәптерден бастап, мектеп формасына дейін табуға болады.
Мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сатуды 31 шілдеде бастадым. Биыл алғаш рет базарға шығып тұрмын. Сауда ауа райына байланысты болып тұр. Себебі біз далада шатырдың астында тұрмыз. Сондықтан жаңбыр жауғанда клиент аз болады, – дейді кәсіпкер Динара Мұсажалилқызы.
Оның сөзінше, әр ата-ана бір баласына 5 500 теңгедей жаратады. Бұл сомаға дәптер, түрлі түсті қарандаш, қалам және басқа да негізгі құралдар. Бұл орташа сома.
Ал егер мектепке қажетті барлық затын бірден алғысы келсе, онда 8 500 теңгедей кетеді, – деп айтты кәсіпкер.
Базарда сатушылар өз клиенттеріне 12 беттік дәптерлерді алған тауарларына сыйлық ретінде беріп жатыр. Бірақ қазір оның бағасы 25-30 теңге.
Дәптер мен қалам бағасы
- Дәптер (12 бет) – 30 теңге.
- Пластилин (6 дана) – 850 теңгеден басталады.
- Дәптер қаптағыш – 1000 теңге.
- Кітап қаптағыш – 1500 теңгеден басталады.
- Қалам – 80 теңгеден басталады.
- Қарындаш (қара) – 70 теңгеден.
- Өшіргіш – 85 теңге.
- Қалам ұштағыш – 75 теңге.
- Сурет салатын альбом (16 бет) – 250 теңгеден басталады.
- Түрлі түсті қағаздар – 240 теңге.
- А4 қағаз (100 дана) – 700 теңге.
- А4 қағаз (500 дана) – 1 900 теңге.
- Дәптерлер (36 беттен бастап) – 150-380 теңге.
- Күнделік – ең арзаны 500 теңге, қымбаты 1500 теңге.
- Әліппе (дайындыққа арналған) – 1300 теңге.
- Клей – 175-400 теңге.
- Қайшы – 350 теңге.
- Пенал – 1000-2500 теңге.
- Рюкзак (ұл, қыз) – 5000 теңгеден басталады.
Форма мен аяқ киім бағасы
Бізден оқушылардан бастап студент, мұғалімдерге дейін киінеді. Бұрын сауда жақсы болатын. Қазір өрт болғаннан кейін адам аз. Баға қолжетімді. Баға былтырғыдай қалды. Мысалы, мына жейделер былтыр 6500 теңге болған, биыл да осы баға. Бірақ доллар өсіп, теңге түсіп кетті. Шығын көбейіп жатыр. Адамдардың сатып алу мүмкіндігі былтырға қарағанда биыл өте төмен. Мысалы, былтыр бір адамға 4 жейдеден алатын, биыл тек бір-екі ғана данадан, – дейді сатушы Айнұр.
- Ақ жейде (қыз бала) – 4000-8500 теңге.
- Ақ жейде (ұл бала) – 4000-7500 теңге.
- Шалбар (ұл) – 5000-12000 теңге.
- Костюм шалбарымен – 18 000 теңге.
- Пиджак юбкасымен – 15 000 теңге.
- Юбка – 6500-8000 теңге.
- Спорттық киім – 15000 теңге.
- Тенниска – 5000-6000 теңге.
- Кардиган – 7500-10000 теңге.
Саудагер Асан Бостонұлының айтуынша, бір ата-ана бір баласын орташа бағамен 30 000-40 000 теңгеге киіндіріп жатыр.
Балалар аяқ киімін сатамын. Жаңа туған нәрестеден 37 өлшемге дейінгі аяқ киімдер бар. Бағалары 3000-10000 теңге. Қыз балаға да, ұл балаға да қажетті аяқ киімді таба аласыз, – дейді кәсіпкер Әзімхан Байдырахманов.
Қыз бала аяқ киімі – 4000 теңгеден басталады.
Ұл бала аяқ киімі – 3000 теңгеден басталады.
Қорытынды:
Шамамен есептегенде, елордада бір баланы мектепке дайындау ата-аналарға 45-60 мың теңге аралығында шығады. Бұл сомаға форма, рюкзак, аяқ киім, кеңсе тауарлары кіреді. Егер бала қосымша спорттық форма немесе қосымша құрал-жабдық қажет етсе, шығын бұдан да көп болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!