Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Бақыт Жахановты қабылдап, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді саралады.
Кездесу барысында Бақыт Жаханов әлеуметтік бағыттағы негізгі индикаторлардың орындалу бойынша есеп берді. Сондай-ақ, алдағы 2021 жылға арналған әлеуметтік басым бағыттағы жоспарларды тарқатып өтті.
Жыл ішінде негізгі әлеуметтік саланың бірі білім беру бағытында мемлекеттік бағдарламалардағы көрсеткіштер толық орындалған. Айталық, 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту жоспары 81 пайызды құрауы керек болса, 11 айдағы нәтиже 84,9%-ға жеткен. Ал, 3-6 жастағы балаларды қамту 100 пайыз орындалған. Биылғы жылы 70 орынға арналған 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. Ал, 2021 жылға қарай 1500 орынды құрайтын 18 жеке балабақша, 610 орындық 34 қосымша топ ашу межесі тұр.
Биыл өңірдегі 3 апатты мектепті жою бағытында жаңа 140 орындық бір мектеп пайдалануға беріліп, 600 орындық мектеп құрылысы іске асуда. Жеке-мектептердің үлесі артып, аймақта 500 орындық жаңа «Зерде» мектебі ашылды. Сонымен бірге 2021 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде 300 орындық, Жаңақорған ауданы, Майбекет мөлтек ауданында 300 орындық мектеп ел игілігіне беріледі. Мұнан бөлек, келесі жылы Арал қаласындағы №71 мектептің құрылысы басталады. Ал, Қызылорда қаласынан «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 600 орындық, жеке инвестор есебінен Саяхат мөлтек ауданынан 300 орындық мектеп құрылысы іске асуда.
Арнайы Жол картасы арқылы өңірде бір жыл ішінде 48 балабақша мен 43 мектепте инклюзивті кабинеттер ашылған. Сондай-ақ, биылғы жылы 4067 мектеп бітірушілердің 3470-і жұмысқа қабылданып, көрсеткіш 85,3 пайызға жеткен.
Денсаулық сақтау саласында да негізгі көрсеткіштерді орындау межесі 4 индикатор бойынша қорытындыланды. Аймақтық даму жоспарында өмір сүрудің орташа күтілетін ұзақтығы, ана, сәби және жалпы өлім-жітім көрсеткіштері талқыланды. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның 15 көрсеткіші денсаулық сақтау саласына қатысты. Өңірде дәрігерлердің орташа айлық жалақысының көрсеткіші индикаторға сәйкес жүргізілген. 12 нысаналы индикаторға қол жеткізіліп, 2 индикаторға қол жеткізілмеді. Одан бөлек, 2020 жылдың 11 айымен медициналық ұйымдардың медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші жыл қорытындысымен орындалады. Мұнан бөлек, 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің коэффиценті 11,1 және неонатальды өлім көрсеткіші 6,9 межесін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні аймақта ана мен бала бөлімі деңгейі бойынша нақты индикаторларда көзделген жұмыстар іске асырылуда.
Аймақта халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары нәтижесінде бүгінгі күні 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, оның 14 мыңы тұрақты жұмыс көзін құрап отыр. Сонымен бірге «Еңбек» бағдарламасына 35 мыңнан астам азамат тартылған. Ал, дағдарысқа қарсы шара ретіндегі қабылданған 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамту Жол картасы» аясында 291 жоба іске асырылып, 9944 адам еңбекпен қамтылған. Бағдарлама аяқталғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орындары ашу көзделіп отыр. Өтпелі қиындықтарға қарамастан өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде сақталып тұр.
Өңірде жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес қысқа мерзімді оқыту бойынша 1036 жұмыссыз азамат жолданса, «Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде «Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» курсын 2181 азамат аяқтап, 823 адам шағын несие алды. Ал, 4692 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажетті мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашты.
Қызылорда аймағында мүгедек адамдардың құқығын қорғау мен өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2025 жылға дейінгі 10 бағыт, 66 іс-шараны қамтитын «Жол картасы» қабылданды. Бұл ретте бөлінген қаражат нәтижесінде облыс бойынша жеке оңалту бағдарламасының орындалуы 83,6 пайызға жетіп, Қызылорда облысы республика бойынша 6-орынға шықты.
Еңбек заңдылығын сақтау бойынша тиісті тексеріс жұмыстары да қорытындылануда. Бүгінгі күні еңбек заңнамасындағы заң бұзушылықтар бойынша жұмыс жүргізіліп, межеленген міндеттер іске асуда. 2020 жылғы 11 айда ықпал ету шаралары нәтижесінде 18 кәсіпорынның 4634 жұмыскерлеріне 616,7 млн теңге жалақы қарызы төленді.
2019 жылғы кезеңді салыстырғанда ағымдағы жылғы 11 айда жазатайым оқиғалар саны 34%-ға, зардап шеккен адамдар саны 16%-ға, қаза болған адамдар саны 61% -ға азайған.
Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова негізгі тірек салаларды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды және 2021 жылы іске асатын жобаларды қарқынды түрде жүргізіп, халықты жұмыспен қамтуда белсенді шараларды жүргізуді тапсырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!