Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.
Ардақты ағайын!
Табиғат-Ана жаңарып, тіршілік атаулы жанданып, адамзат баласы қуанып жеткен төл мерекеміз – Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын!Қазақ елі үшін Ұлыс күні әрқашан қасиетті де киелі саналған. Бұл күні халық таза, жаңа киімдерін киіп, ер адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, балалар жарыса жүгіріп, игі тілектерін айтқан. Пендешілік пиғылдан арылып, ауыл ақсақалдары араздасып жүрген ағайынды табыстырған, ренжіскенді татуластырған. Бұрынғы кезде Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағын қарсы алудан, арықтарды тазалап, су жіберіп, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды екен. Егінші қауым жаппай көктемгі егіске кірісіп, малшы қауым мал төлдету жұмыстарымен айналысқан. Бұл үрдіс бүгінгі күні де жалғасып келеді. Жыл сайын Наурыз айы басталғанда тал егіп, арық қазып, гүл отырғызамыз. Дала еңбеккерлері де өз жұмысына кіріседі. Туған жерімізді жасыл желекке айналдырып, көркейтіп, мерейін асырып жатсақ, өзімізге де ғанибет емес пе?!Бұл істе жерлестеріме, соның ішінде қоғам белсенділері мен еріктілерге, жастарға зор ризашылығымды білдіремін.
Наурыз – ұлттық бірегейлік пен үйлесімнің, береке мен бірліктің мерекесі. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл болса, Наурызды тойлай бастағанымызға да 30 жыл! Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың куәгеріндей төл Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамы, жаңару-жаңғыру мерекесі шаңырақтарыңызға шадыман шаттық, бақ-береке, елімізге, туған жерімізге мол несібе, ырыс-құт әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Еліміз еңселі, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!Нуарыз құтты болсын!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!