Халық арасында несие алу – күнделікті қажеттілікке айналып үлгерді. Халықтың 9 миллионға жуығы банк алдында берешек. Бұл әрбір екінші ересек адамның несиесі бар деген сөз. Мұның өзі тек қаржылық емес, әлеуметтік құбылысқа айналған мәселенің тамырын ашады.

Cенесіз бе, 1 жылда елдегі несие портфелі 23 пайызға өскен. Бұл пайызды бірден жіктеп көрсек. Қаңтарда «Бірінші кредиттік бюро» қазақстандықтардың несие борышы бойынша жаңа дерек шығарды. Ондағы ақпарға сүйенсек, халықтың жалпы қарызы 24 триллион теңгеден асқан. Оның ішінде кепілсіз тұтынушылық несиенің бір жылдағы өсімі 22,9 пайыз. Ал ипотекалық несие 14,1 пайызға өсіп, қарыз 6,7 триллион теңгеге жеткен. Ал екінші деңгейлі банктердегі тұтынушылық несие портфелі 14,1 триллион теңге. Бұл ретте де өсім қатты байқалады. Мысалы өткен жылмен салыстырғанда бұл қарыз 31,7 пайызға көп.Басты себеп – тұтынушылық мәдениеттің өзгеруі емес, қаржылық сауатсыздық пен әлеуметтік теңсіздік. Көп адам банктік шарттарды толық түсінбестен келісімге қол қояды. Салдарынан кешіктірілген төлемдер, пайыздық үстемелер мен «қара тізімге» ілігу жиілеп барады.

Қарызын өтей алмай, несиесін қайта құрылымдау не болмаса жаңасын алып ескісін жабу – соңғы жылдары жиі кездесетін қаржылық механизм. Бірақ бұл тығырықтан шығар жол емес, керісінше, несиелік шырғалаңның тереңдеуіне алып келеді. Несие тарихы нашар адамдарға да жаңа несие берілетін жағдайлар болған. Бұл қаржылық ұйымдар тұтынушының жауапкершілігіне қарамай пайда қууының бір дәлелі. Иә, кредит жағдайыңды дәл қазір жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Дегенмен оның да қайтарымы бар.

Кез келген тұлға үшін кредиттік тарих маңызды. Ал оған нелер кіреді? Кредиттік тарих – тұтынушының алған несиелері немесе бөліп төлеу туралы мәліметтерін қамтитын құжат. Төлем мерзімі, төлемнің кешіктірілуі секілді ақпарат сақталады. Бұл өз кезегінде банктерге клиенттің жауапкершілігін бағалауға мүмкіндік береді. Ал кредиттік тарихты онлайн және оффлайн тексере аласыз.

– 9 млн қарыз алушының қаржы ұйымдарында жалпы сомасы 24,3 трлн теңге кредиті бар. Ал енді ең қызығы, жалпы берешектің 92,8%-дан астамы – 1 млн теңгеден көп қарыздар, мұндай соманы қарыз алушылардың 46,7%-ы ғана алған. Егер одан да көп сомаларды қарастыратын болсақ, 2 млн теңгеден басталатын кредиттер – жалпы көлемнің 84%-ы, алайда мұндай қарызды қарыз алушылардың тек 30%-ы алған. Енді қомақты сомаларға тоқталайық. Мәселен, қарыз алушылардың тек 15%-ында 5 млн теңгеден жоғары қарыз бар, бірақ олардың жалпы сомасы халықтың барлық қарызының 66%-дан астамы болады. Ал мұндай ірі көлемдегі қарызды негізінен табысы жоғары азаматтар, сондай-ақ, банктердің аффилирленген тұлғалары ғана ала алады, себебі мұндай қарызды алу үшін төлем қабілеті жоғары болуы қажет және банктер барлығына дерлік мақұлдай бермейді, – дейді Ranking сараптама орталығының мамандары.

Жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан бірқатар шектеу енгізілді. Мысалы, сәуірдің басында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Қаржы нарығын дамыту туралы заң аясында тұтынушылық кепілсіз онлайн несиелерді беру үшін 24 сағаттық «салқындату кезеңі» енгізіледі. Несие алуға алғаш рет өтініш білдірген қазақстандықтардың банктің немесе микроқаржы ұйымының филиалында міндетті түрде болу талабы белгіленеді. Несие рәсімдегенде әрбір азаматтың банкке немесе микроқаржы ұйымына өзінің баруы тұтынушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл да қажет бастама. Мәселен алаяқтар айлық табысы 67 мың теңге болатын декреттегі мұғалімнің атынан 9 млн теңге несие алған. Оларға несиені рәсімдеп берген үш банк қарызды әйелдің нақты өзі алып жатқанына көз жеткізбеген. Банктер бала күтімімен үйде отырған ананың сыртынан құжаттары мен табыс туралы анықтамасын көрмей жатып несиені бере салған.

– Мен сағат 11:30 бен 13:00 аралығында Астанада үйде болдым, ол кезде декреттік демалыста едім. Осы уақытта үшінші тұлғалар менің атымнан Қарағанды қаласындағы үш банктен бір уақытта несие рәсімдеген. Жалпы сомасы 8 млн 661 мың теңге. Несие рәсімдеу барысында менің үй жағдайымдағы бейнем арқылы биометриялық тексеріс жүргізілген. Алаяқтар менімен бейнеқоңырау арқылы байланысқан екен. Бұл менің Қарағандыда болмағанымды, банктің бөлімшесінде ешқандай әрекет жасамағанымды дәлелдейді. Бірақ әр банк менің биометриядан өткенімді тіркеген, – дейді ол.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылдың 4-тоқсанында қазақстандықтардың несие мен қарыз төлемдеріне жұмсаған шығындарының үлесі 6,2%-ды құрады. 2009 жылы бұл көрсеткіш 4,6% болған. Яғни, 15 жыл ішінде қарыз төлемдерінің үлесі небәрі 1,5 пайыздық пунктке ғана өскен. Бұл Қазақстандағы қарыз жүктемесі деңгейінің төмен екенін және динамиканың барынша қалыпты екенін көрсетеді.

Қарыз алушылардың 53,2%-ы 1 млн теңгеге дейін кредит рәсімдеген, бұл қарыздардың жалпы көлемінің тек 7,2%-ын құрайды. Нақтырақ айтқанда, 1 млн адам 100 мың теңгеден аз сомаға, 1,4 млн адам 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, 1 млн-нан аз адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, 1,5 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін кредит алған. Мұндай кредиттер бойынша орташа берешек 50 мыңнан 730 мың теңгеге дейін өзгереді, бұл халықтың көпшілігі қарызды аз көлемде алғанын білдіреді. Мұндай қарыздарды бір немесе екі жалақымен толықтай өтеуге болады, көбіне кредитті шұғыл қажеттіліктерді сатып алу үшін алады, осылайша, депозиттегі қаражатты сақтап қалуға болады. Қайталап айтамыз, қазір біз халықтың қарыздарының басым бөлігі туралы айтып отырмыз, – деп жазған еді Ranking мамандары.

Демек, халықтың несиеге деген тәуелділігін азайту үшін тек шектеулер емес, қаржылық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік жағдайды жақсарту маңызды. Әйтпесе, қарыз – уақытша шешім, ал салдары – ұзақ мерзім.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!