Солтүстік Қазақстан облысында ата-аналық міндеттерін орындамағандарға қатысты биыл 400-ден астам әкімшілік материал жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда ата-анасы 5 жасар қызын балабақшадан уақытында алып кетпеген. Баланы тұрғылықты жеріне әкелген тәрбиеші олардың пәтерінің есігі ашық тұрғанын байқап, полицияға хабарлайды. Ювеналдық полицейлер ерлі-зайыптыны ұйықтап жатқан жерінен оятты. Олар спирттік ішімдікке тойып алып, қыздарын балабақшадан әкету керектігін ұмытқан. «Пәтердің ішіндегі шашылған шөлмектерден аяқ алып жүргісіз. Медициналық куәландыру қыздың ата-анасы алкогольдік мас күйде болғанын көрсетті. Әйел бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылған», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор Динара Мұқанова. Аталған дерек бойынша қыздың әкесі мен анасына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оған білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Сондай-ақ, Петропавл әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына материалдар жіберіледі. Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полициясы есебінде қазір 242 тұрмысы төмен отбасы тұр. Биыл 26 солтүстікқазақстандық ата-ана құқығынан айырылса, 6-ның ата-ана құқығы шектелді. Ата-аналық міндеттерін орындамау фактілері бойынша 418 материал жиналды.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!