Қазастанда кешеден бастап қоғамдық орында балағат сөз айтқандарға жаза күшейтілді. Алайда Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қандай жағдайда балағат сөз айту дөрекілікке жатпайтынын түсіндірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Қоғамдық орындарда айтылған балағат сөз үшін жауапкершілік бұған дейін қарастырылған. Алдағы уақытта ол қатаңдатылды. Біз бірден былапыт сөзге мән береміз, ал негізі заң алдымен вандализммен күресуге арналған. Бізде көпқабатты тұрғын үйлерді, жедел сатыны бүлдіру фактілері жиі тіркеледі. Оларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болмады. Сондықтан да бүлдіру, зиян келтіру әрекеттері бойынша жауапкершілік күшейді. Оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөз айту да бар», – деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан соң. 

Сонымен қатар министр қоғамдық орындарда қандай жағдайда былапыт сөйлеу дөрекілікке жатпайтынын айтты. 

“Мысалы, мен қазір балағат сөз айтсам жазалауға болады, өйткені бұл жерде камера бар, дыбыс бар. Дегенмен өмірде әртүрлі жағдай болады. Мәселен байқамай аяғына балғаны құлатып алса, аузынан дөрекі сөз шығып кетуі мүмкін. Бұл қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептелмейді», – деді министр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!