Осыдан 2-3 жыл бұрын қанттың қат дүниеге айналғанын айтып дабыл қаққанымыз бар. Басына «бақ» қонып, құны артқан тауарға таңнан кезекке тұратындардың қатары артты. Төмен бағада саудаласауға әлеуметтік дүкен аралағандар қап-қаптап қоймасына сүйресе, пысықайлар пұлдап, қалтасын қомпайтуды көздеді. Ол күндер артта қалды ғой. Бірақ мұнымен қанттың бағасы құлап, қолдағы барға айналды деп те айта алмаймыз. Өйткені бұл мәселе әлі де өзекті. Жә, бүгінгі айтпағымыз қанттың «құндылығы» емес, картоптың түйткілі.

Жылан жылы келді дегеннен тосыннан картоп тапшылығы топ етті. Тіпті өңірлерде 5 келіден артық сатпауға қатысты қатаң шектеу қойылды. Мұны білген кәсіпкерлер әдеттегідей картопты қоймасына жасырды. Бес келінің өзін таппай сенделген қалың қазақ дабыл қағып, шу шығара бастады. Мәселеге қатысты билік басындағылардың баяндамасына сенсек, картоп қоры ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті екен. Алайда саудагерлер «мәселе тереңде жатыр» деп мұнымен келіспейді. Өйткені қазір әлемде картоп тапшылығы туындап отырған көрінеді.

ҚОРДА БАР, ҚОЛДА ЖОҚ

Өткен аптадағы мәліметтерге сенсек, кей аймақтарда өндірушілер ұсынған өнім бағасы 170-тен 270 теңгеге дейін өскен. Ал Алматы мен Астанада бір келі картоп құны 455-500 теңгеден сатылымға шыққан көрінеді. Ал Қызылордада ше? Күнделікті дүкенге бас сұққанымызбен картоп бағасына аса бір бет бұра қоймаймыз. Алайда бұл жолы арнайы көпшілік аялдайтын А.Тоқмағамбетов көшесінің бойындағы «Ақсарай» супермаркетіне ат басын бұрдық. Мұндағы баға – 381 теңге. Бұрынғысынан әлдеқайда қымбатшылық байқалады. Одан өзге бірнеше супермаркеттерде баға айтарлықтай өзгерген. Дүкендерде де солай.

Үкіметтің хабарлауынша, бағаны тұрақтандыру үшін картопты экспорттауға алты айға тыйым салу туралы шешім қабылданған. Шектеу ЕАЭО елдеріне (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) әсер етпейді. Дегенмен барлығы қатаң бақылауда болады. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев мұны Үкімет те, кәсіпкерлер де әу баста білді дейді.

– Картоп қымбаттайтыны осыдан шамамен екі ай бұрын белгілі болған. Өйткені Ресей федерациясы картопты сыртқа шығармай жауып қойды. Негізінен, Ресей картобын Өзбекстан сатып алатын еді. Биыл Ресей картоп сатпай қойған соң, өзбек кәсіпкерлері біздің Павлодар мен Қарағанды облысындағы қоймада жатқан картопты алдын ала сатып алды. Сол кезде-ақ елдегі картоп бағасы өсе бастаған еді. Кәсіпкерлер де, Үкімет те мұны білді. Бірақ Үкімет ешқандай шара қабылдамады. Әуелі жағдайды бақылауда ұстап, Үкімет картопты сатып алып, қоймаларда сақтауы керек еді. Ал қазір Үкімет ештеңе істей алмайды, баға қымбаттай береді, – деді Мәжіліс депутаты. Бұдан бөлек ол бағаны түсірудің жолымен де бөлісті.

– Меніңше, картоп бағасын түсіретін бір ғана жол бар. Қазір Пәкістанда картоп шықты, сол жақтан арзан сатып алып, Қазақстан нарығына құю керек. Солай ғана арзандатуға болады. Біздің Үкімет алдын ала шара қолданбайды да, әбден болары болған соң ғана әрекетке көшеді. Бірақ бір көтерілген баға қайта түспейтіні әу бастан белгілі. Қымбатшылыққа қарсы әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақтандыру шеңберiнде облыстарда тұрақтандыру қоры бар. Олар картоп қорын сақтап қойып, бағаны реттеуі керек еді – деді Қайрат Рахымұлы.

Мәжіліс депутаты мәселе қылаң берген бастан-ақ қоймаларға картоп сақтауымыз қажет еді дегенді айтып қалды. Дұрыс-ақ. Алайда осы тұста «мол өнімнің бәрін сақтайтын қойма бізде бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Негізі өткен жылы елде рекордтық жағдай тіркеліп, 2,9 миллион тонна картоп жиналған. Ал бүкіл Қазақстан бойынша картоп сақтайтын 257 картоп қоймасы бар көрінеді. Олар 499,7 мың тоннаны ғана сақтай алады. Сонда қалғаны далада қала ма? Мұны да ойлап қойған жөн.

Біз айтып отырған мәліметті мемлекет жүргізген ревизия қорытындысы да растағанға ұқсайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұлан-ғайыр астықты сақтау үшін көкөніс қоймаларын салуға және жаңғыртуға бағытталған тұтас кешенді жоспарды іске асырып жатқанын қайталаудан жалықпайды. Шынында, көкөніс сақтағыштар, тіпті қарапайым қойма көбейетін емес. Салдарынан былтыр жиналған көл-көсір астықтың үлкен бір бөлігі шіріп жатыр.

ДЕЛДАЛДАР ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ МЕ?

Мәселе белгілі. Айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған жұрт бағаға наразы. Ал билік басындағылар «делдалдар айыпты» дейді. Жуырда Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, сауда желілері, әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациялар өкілдерімен жиын өткізді. Күн тәртібіндегі мәселе – нарықты картоппен қамту және бағаны тұрақтандыру шаралары. Сөз етілгені – әкімдік өкілдері өз қалаларындағы ірі сауда желілерін, базарларды аралап, бағаны және бір қолға бес келіден артық сатылмауын бақылауы керек.

Оның айтуынша, еліміздегі ірі сауда желілері, оның ішінде «Magnum», «Small» және «Анвар» фермерлерден 1,5 мың тонна картопты сатып алу үшін олармен тікелей келісімшарт жасауға дайын. Сонымен қатар сауда желілері тіпті өнімді шаруашылықтан өздері алып кетуге әзір.

– Жергілікті әкімдіктер өз қажеттіліктерін, соның ішінде сауда желілеріне арналған көлемдерді анықтап, нақты көрсетуі қажет. Бұл нарықтағы сұранысты жылдам қанағаттандыру үшін маңызды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен сауда нүктелері арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды, – деді бірінші вице- министр.

Сондай-ақ ол азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегіне кіріп алып, өз үстемеақысын қосатын делдалдардың схемаларын тергеп зерттейтін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту міндетін қойды. Яғни, мемлекет «ревизорлары» мен өңірлік комиссияларды жолға шығару арқылы қайтадан әкімшілік ресурсын іске қосып, нарыққа қол сұғып отыр.

Биыл жыл басталғалы осы министрліктің Сауда комитетінің өңірлік департаменттері өнімсіз делдалдарды әшкерелеу мақсатында 20 өңірлік комиссия құрған. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар өнім ретінде картоптың бағасына сауда үстемесін 15%-дан асырып жіберуге қатысты 49 заңбұзушылық анықталыпты. Барлық факті бойынша тиісті әкімшілік жазалау шаралары қабылданады.

– Елдің барлық аймағындағы әлеуметтік дүкендерде, ӘКК серіктестерінде картоптың көлемі жеткілікті және нарықтағы бағадан төмен. Аймақтардың тұрақтандыру қорларында жинақталған картопты белсенді сату жалғасты. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейінгі аралықта қорларда жалпы көлемі 85,4 мың тонна картоп болған. Оның 23,6 мың тоннасы сатылды. Соңғы 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды. Соның ішінде Алматыда – 300, Шымкентте – 600, Түркістан облысында 300 тоннасы өтті. Тұрақтандыру қорларында бүгінде 60 мың тонна картоп қалды, – деп хабарлады Сауда министрлігі.

ШАРУАНЫҢ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНУЫ ҚАЖЕТ

Экономист Мақсат Халық осындай дейді. Иә, шынымен картоп өсірудің қиындығын шаруалар жақсы білсе керек. Бір жылдың өзінен шығынсыз шығып, техникалар бұзылмай жұмыс жасауы маңызды. Одан бөлек судың жетіспеуі мен тарифтің көтерілуі, өсімдікті зиянкестерден қорғау заттарының, химикаттардың, тыңайтқыштар, барлық техниканың жанар-жағармайы қымбаттауы тағы бар. Оған қоса ала таңнан қара кешке дейін жұмыс жасайтын жұмысшылардың жалақысы өз алдына бір мәселе.

– Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Картоп та, сәбіз де бір уақыттарда қатты қымбаттаған. Негізінен салдармен емес, себеппен күресу керек.

Бағаның өсу себебі шаруалардың қызметімен ұштасады. Оларға дер кезінде тұқымды жеткізіп беру қажет. Мысалы, биыл кейбір аймақтарда топан су болды, соның салдарына қатысты Үкімет қаншалықты қадамдар жасады? Бір кездері қуаңшылық болды, сол кездерде Үкімет не істеді? Шаруаларға табиғат жағдайына төтеп беретіндей тұқым берілді ме? Сосын қойма мәселесі де үлкен сұрақтың бірі, – деді экономист.

Қойманың ауқымды мәселе екені әу бастан белгілі болды. Тапшылық түйінін тарқататын уақыт жетті. Мақсат Халық қойманың мәселесін алға тарта келе, тақырыпқа тұздық болған делдалдарды да тілге тиек етпей өтпеді.

Екінші – делдалдар мәселесі. Нарықтық экономикада делдалдар болмау керек деген қағида жоқ болу керек. Бірақ елімізде делдалдар тым көп. Ол жерде эксплуатацияның болуы, қаржылық алаяқтықтың орын алуы, бағалардың тым жоғарылауы. Шын мәнінде, егістікте еңбектеніп жүрген шаруа өнімін өте төмен бағаға сатады. Ал қалада базардағы баға 10 есе жоғары болса, қандай әділеттілік бар? Үкімет делдалдардың бағаны асыра көтеретін кезімен жұмыс істеуі керек. Баға келісімі болып жатса, орындалмаса жазалау керек. Егер монополистер болса, олармен күресуі қажет. Егер олар негізінен шаруаға жағдай жасау, шаруаның өнімімен нарықтың арасындағы, базардың арасындағы логистиканы қамтамасыз ету, тізбекті құру мәселесін шешуі керек. Міне, Үкімет осыған дұрыс жауапты болса, бағалардың барлығын реттеуге болады деп есептеймін, – дейді Мақсат Халық.

ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ КАРТОП ҚҰНЫ ҚАНША?

Елдегі жағдай белгілі. Әр аймақтардағы баға әртүрлі. Ал Қызылорда қаласындағы жағдай қалай? Көпшілік бағаның бірнеше есеге өскенін айтып налиды. Мәселенің мән-жайын білмекке облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен байланыстық.

– Соңғы уақытта республика бойынша картоп бағасының өсуі орын алған болатын. Республика бойынша ішкі нарықта картоп бағасының өсуіне көрші мемлекеттер тарапынан экспорттық сұраныс артуынан орын алуда. Облыс өз өндірісі есебінен облыс тұрғындарының картопқа қажеттіліктерін ішінара қамтамасыз етіп келеді, басым бөлігі республиканың солтүстік өңірлерінен жеткізілуде. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры қалыптасып, жеткілікті өнім қоры сақталуда.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1000 тоннаға жуық картоп қаланың барлық мөлтек ауданында орналасқан әлеуметтік дүкен желілерінде 143 теңгеден еркін түрде, шектеусіз босатылуда. Сондай-ақ тұрақтандыру қорымен өзара әріптестік негізінде бірге жұмыс істеуге келісімге келген 10 ірі сауда үйлері мен 16 үй маңындағы дүкендер арқылы тиісті сауда үстемесімен 158 теңгеден босатылуда, – дейді азық-түлік өнімдерін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев.

Байқасақ, тақырып басында «Ақсарай» супермаркетіндегі картоп бағасы 381 теңге екеніне тоқталғанбыз. Ал азық-түлік өнімдерін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы 143 пен 158 теңге арасында босатылып жатқанын айтып отыр. Айналып келгенде мәселенің барлығы сол бағаны мың құбылтатын делдалдарға келіп тіреледі. Сол үшін байыпты бақылау қажет-ақ. Сіз не айтасыз?

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!