Баласы өмірге келген әрбір қазақстандық мемлекет тарапынан берілетін біржолғы төлемге үміттенеді. Алғашқы үш бала үшін қазақстандықтар әрқайсысына 116 394 теңгеден ала алады. Төртінші, бесінші және одан кейінгі балалар дүниеге келгенде сома ұлғая түспек. Яғни 192 969 теңге беріледі. Елімізде төрттен көбірек бала болса, көпбалалы отбасы болып есептеледі. Олар мемлекеттен жәрдемақы алуға құқылы. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айтып берді. Жәрдемақыға кім үміт арта алады? Қазақстандағы әрбір көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Олар алатын қаржы мөлшері балалардың жалпы санына байланысты. 2022 жылғы айлық есептік көрсеткішті (1 АЕК – 3069 теңге) ескерсек, төлемдер сомасы келесідей болады:

Төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 49 100 теңге;

Бес балаға – 20,04 АЕК немесе 61 383 теңге;

Алты балаға – 24,05 АЕК немесе 73 666 теңге;

Жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 85 948 теңге;

Сегіз және одан да көп баласы бар отбасылар мемлекеттен бір балаға 12 252 теңге алады. Мәселен, бір отбасы тоғыз балаға 110 268 теңге, он алты балаға 196 032 теңге алады. Қанша қазақстандық отбасы жәрдемақы алады? 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша көпбалалы отбасыларға жалпы сомасы 82,2 миллард теңге төленген. Бұл орта есеппен 493,1 мың отбасыны қамтиды. Осы жылдың наурыз айы Қазақстанда жәрдемақы алатын отбасылардың саны біршама өскенін көрсетті. Яғни 499,3 мың отбасы. Оларға бір ай ішінде мемлекет 27,8 миллиард теңге бөлген. Еңбек министрлігінің мәліметінше, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары және 23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақыға сене алады. Бұл жәрдемақы отбасының табысына байланысты емес. Мемлекеттің көмегі мұнымен бітпейді. Егер әйел бала туғанға дейін жұмыс істеген болса, оған босануға байланысты біржолғы төлем, ал одан кейін бала күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Айта кетейік, әлеуметтік төлемдер бұдан былай АЕК-ке тәуелді емес, әйелдің орташа айлық жалақысына байланысты, соның негізінде жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеп, жібереді. Яғни, әйелдің жүкті болғанға дейінгі жалақысы неғұрлым жоғары болса, бала күтіміне төленетін төлем көлемі де соғұрлым көп болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!