«Белсенді азамат» қоғамдық қорының төрағасы Гамал Түзелбаев Конституцияның 44-бабына ұсынылып отырған өзгерістер облыс әкімдерінің халыққа жақынырақ болуына мүмкіндік жасайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Sarap эксперттік клубының конституциялық реформа тақыбырына арналған отырысында Гамал Түзелбаев Конституцияны қайта жазып шығумен жұмыс бітпейтінін айтты.
«Әдемі, сауатты Конституция жазумен жұмыс бітпейді. Жазылғанның бәрін іспен жүзеге асыру керек болады. Осы тұрғыдан алсақ, азаматтық қоғам мен оның белсенділігі маңызды рөл атқарады. Қоғамдық бақылау мен оның қолындағы қатысу тетіктерін тиімді пайдалану да маңызға ие. Бұл жерде қоғамдық кеңестерге жіті назар аударуды ұсынар едім. Қазір бұл кеңестер мемлекеттік шешімдер қабылдауға азаматтарды тартатын негізгі құралдардың бірі болып отыр.
Мен байқаған заңнамалық өзгерістер бойынша, мемлекеттік органдар шешімді қоғам пікірін ескере отырып қабылдауы керек. Осы бағытта Конституцияның 44-бабына өзгеріс енгізілмекші. Яғни, Президенттің облыстардың және республикалық маңыздағы қала әкімдерінің актілерін қабылдамай тастау өкілеті жойылады. Бұл ақылға қонымды. Өйткені әкімдер жергілікті қоғамның пікірін ескеріп шешім қабылдауы керек», – деді сарапшы.
Сондай-ақ, ол әр әкімнің қарамағындағы өңірдің әлеуметтік-эономикалық даму, ахуалы үшін жауапкершілігі бар екенін еске салды.
«Әкім шешім қабылдау кезінде заңды бұзған болса немесе басқа да құқықтық қателік жіберсе, оны жазалау соттардың жұмысы болу керек деп ойлаймын.
Өзгерістер жобасында Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп құрылымдау көзделген. Ол жылына 2 рет Мәжілістің алдында есеп береді. Бұл да жақсы. Олар да үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланысты жақсартса екен деген тілек бар.
Өзгерістер жобасында азаматтардың күдігін туындататын ұсыныстар да бар. Мысалы, Үкімет өз жауапкершілігімен нормативтік-құқықтық актілер құруға өкілетті болуы мүмкін. Ол актінің Парламент қабылдап немесе кері қайырғанша уақытша болса да заңдық күші болады. Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың Үкіметке деген сенімін қалпына келтіру керек әлі. Бұрынғы Үкіметтің жіберген қателіктері бар. Олардың бәрін түзету керек. Көлеңкелі экономика, тауар бағасын қалыптастырудың түсініксіз жолдары бар деген сияқты. Халықтың баспана алуы проблемаға айналып тұр. Кіріс бір орнында, ал бағалар өсіп жатыр. Осындай мәселенің бәрін шешу керек», – деді қоғамдық қордың төрағасы.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қапшағай қаласының атын өзгертуге арналған салтанатты іс-шараға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қонаев қаласының тұрғындарымен алдағы референдум жөнінде пікір алмасты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!