Мемлекет пен қоғамның сенім, өзара жауапкершілік, әріптестік, ашықтық және есептік қағидаттары негізіндегі ынтымақтастығы – елдің тұрақты да үдемелі дамуының басты кепілі. Азаматтардың өмірін жақсартуға, заңның үстемдігін, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысы – ұлт бірлігінің негізі. Бұл ретте партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасындағы «Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар» бағытын толығырақ тарқатсам.

«Бүгінде еститін мемлекет» қалай жұмыс істейді? Ол халықтың пікірін ескереді, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген болатын, яғни елдің мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнатудың маңызы зор. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік мекемелерге кіру, мәселелерін шешу жолын жеңілдету. Бұл орайда мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік бөлмелерін бірінші қабатқа көшіру, жергілікті атқарушы органдар қызметіне «Open space» концепциясын енгізу, тұрғындарды «сервистік әкімшілік» форматында ұйымдастырылған бөлмелерде қабылдау тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге сеп.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, өңірде кедергісіз орта қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 60 мемлекеттік мекеме «Ореn space» форматындағы кеңселерде жұмыс істейді, сонымен қатар қазір 10 «сервистік әкімшілік» қызмет көрсетуде.

Ең бастысы, партияның қоғамдық қабылдау шаралары бізге азаматтармен еркін форматта тілдесіп, мәселесін тыңдауға, конструктивті шешімдердің қабылдануына мүмкіндік беріп келеді. Қоғамдық қабылдаудың мақсаты – ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету болса, ол осы үдеден ұдайы шығып жүр деп айтуға негіз бар.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!